Маңғыстаудағы 75 тарихи-мәдени ескерткіш цифрлық картаға енгізілді
Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени және сакралды мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Маңғыстаудың киелі жерлері» интерактивті картасы жаңа мәліметтермен толықтырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдегендей, аталған жоба келушілер үшін қолжетімді әрі заманауи ақпараттық алаңға айналып отыр. Аталған басқарманың тапсырысымен және облыстық тарихи-мәдени қорықтың қолдауымен әзірленген бұл жоба өңірдегі қасиетті нысандар туралы мәліметтерді жүйелеуді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді және мәдени мұраны цифрлық кеңістікте сақтауды көздейді.
«Алғаш рет 2018 жылдың қыркүйегінде іске қосылған платформа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Жоба аясында ерекше маңызға ие тарихи нысандар 3D панорамалық форматта түсіріліп, пайдаланушыларға оларды қашықтан виртуалды түрде тамашалау мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар Microsoft Access форматында тарихи-мәдени мұра объектілерінің деректер базасы жасақталып, өңірдің киелі орындарының 1:500 000 масштабтағы интерактивті картасы әзірленді. Картаға республикалық және жергілікті маңызы бар қасиетті орындар, соның ішінде табиғи ландшафттар, сәулет нысандары, кесенелер мен тарихи-саяси оқиғалар өткен мекендер енгізілген»,- дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Жоба іске қосылған сәттен бастап жүйелі түрде дамып келеді. Егер 2018-2025 жылдар аралығында картаға жыл сайын 12 тарихи-мәдени ескерткіш туралы ақпарат қосылып отырса, 2026 жылдан бастап бұл көрсеткішті 40 нысанға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда интерактивті картаға 75 тарихи-мәдени ескерткіш туралы толыққанды мәлімет орналастырылды.
Өлке тарихымен танысқысы келетін тұрғындар мен саяхатшылар интерактивті картаны мына веб-мекенжай арқылы пайдалана алады: https://mangystau.inmap.kz/kz/