Otpan News Logo

Еліміздің барлық өңірлерінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды

|
02.06.2026 10:06
Еліміздің барлық өңірлерінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды
Ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдарын реформалау аясында еліміздің 20 өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жаңа құрылымдардың негізгі міндеті – балалардан немесе олардың заңды өкілдерінен келіп түскен өтініштерге жедел әрекет ету, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға нақты көмек көрсету және өңірлік қызметтердің жұмысын үйлестіруді көздейді. Мамандардың айтуынша, мұндай басқару жүйесі балалардың мәселелерін алдын ала анықтап, әрбір баланың құқықтары мен қауіпсіздігін жергілікті жерде тиімді қорғауға мүмкіндік бермек.


Реформаның маңызды бағыттарының бірі - кадрлық әлеуетті күшейту болды. Заңнамада «әрбір 5 мың балаға бір маман» қағидатының бекітілуінің нәтижесінде жыл басынан бері еліміздегі қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны үш еседен астам өсті. Бұрын бұл салада 303 маман еңбек етсе, қазір олардың саны 1029 адамға жетті.


Сондай-ақ мамандар үшін бірыңғай жұмыс стандарттары мен кәсіби оқыту бағдарламалары енгізілуде. Бұл балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың республика аумағында біркелкі жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.


Бұдан бөлек, қызметкерлердің танымалдығы мен беделін арттыру мақсатында бірыңғай қызметтік киім үлгісі енгізілді. 2026 жылғы 22 наурыздан бастап белгіленген үлгідегі арнайы киім кию тәртібі күшіне енген. Ресми форма мамандардың көшпелі іс-шаралар кезіндегі мәртебесін көтеріп, азаматтардың балалар құқықтарын қорғау органдары өкілдеріне деген сенімін нығайтуға бағытталған.


Айта кетейік, бұл бастама Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. 

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!