Маңғыстауда көне ескерткіштер реставрациялануда
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы әр жылы жұмыс жоспарын бекітеді. Биылғы жоспар бойынша ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына сілтеме жасап.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының сәулет және археология бөлімінің мамандары ғылыми жоба авторларымен бірлесе отырып, мамыр айында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді.
Инспекциялық бақылау аясында Олжа қыз бен Қожакүмбет күмбезтамдарында, сондай-ақ Толыбай, Тілеміс және Түпқараған ауданындағы Қосым некрополінде мердігер мекемелер тарапынан атқарылып жатқан ғылыми-реставрациялау жұмыстарының барысы визуалды түрде қаралды.
«Бұл іс-шараның басты мақсаты – нысандарда жүріп жатқан қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарының бекітілген ғылыми-жобалау құжаттамасына, сондай-ақ халықаралық реставрациялау стандарттарына сәйкестігін анықтау»,- дейді қорық мамандары.
Тексеру барысында мамандар тарихи жәдігерлердің бірегей сәулеттік стилі мен құндылығын сақтап қалу мақсатында мердігер ұйымдарға бірқатар маңызды әдістемелік нұсқаулар берді.