Otpan News Logo

Маңғыстау облысында жыл басынан бері 7,5 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасты

|
02.06.2026 12:10
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 7,5 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасты

Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысымен бөлісті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Биылғы жылдың 1 маусымындағы ресми мәліметке сәйкес, аймақта 7 466 адам жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш биылғы жылға жоспарланған межелі көрсеткіштің (21 776 адам) 34,3 пайызын құрап отыр. Жұмысқа орналасқан тұрғындардың ішінде 2 861 азамат тұрақты еңбек орындарына жолдама алса, 4 605 адам уақытша жұмыспен қамтылды.


«Жыл басынан бері облыстың мансап орталықтарына 27 093 адам өтініш білдірген, оның 11 775-і – жастар. Оңтайлы шаралардың нәтижесінде 8 081 адам, соның ішінде 3 407 жас жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына 4 605 азамат (1 837 жас), ал тікелей тұрақты жұмысқа 1 624 адам (747 жас) орналасты»,- деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және мониторингілеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Черкешбаев. 


Өңірдегі әлеуметтік қолдау бағдарламалары да өз жемісін беруде. Мысалы, қоғамдық жұмыстарға 3 893 адам (1 516 жас), «Күміс жас» жобасы аясында 311 аға буын өкілі, «Жастар практикасымен» 249 түлек және әлеуметтік жұмыс орындарына 152 адам (72 жас) тартылды. Мұнымен қоса, жұмыспен қамтудың өзге де бағыттары бойынша 1 852 адам қамтылса, оның 823-і жастар, ал 120-сы мүгедектігі бар азаматтар.


Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұранысқа сай тұрғындардың біліктілігін арттыру мен кәсіпкерлікке баулу жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып тауысқандардың саны 724 адамға жетті, оның 239-ы – жас буын өкілдері. 


Ал enbek.skills.kz онлайн платформасында өз бетінше білім алып, мамандығын жетілдірген 1 128 тұрғынның 584-і – жастар. 


Аймақтағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының айтуынша, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

43
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!