Ұлттық киім күні: Маңғыстаудың киім мәдениеті дәстүр мен тарихты сақтап келеді
Бүгінде елімізде Маңғыстау өңірінің киім мәдениеті ерекше назарға ие. Бұл өңірдің киімі басқа аймақтардан бірқатар ерекшеліктерімен дараланады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Киім үлгілері табиғат жағдайына, көшпелі өмір салтына және жергілікті дәстүрге бейімделген. Көп ою-өрнек қолданылмайды, киімдер байсалды және ұстамды сипатта болады. Жазда ауа райы ыстық әрі құрғақ болғандықтан, киім көбіне жұқа мақта маталардан тігіледі. Қыздардың көйлегі қосетек болып, кішкентай кезінде үкі тақия киіп, өскен соң қызыл орамал тағады, ал ұзатылатын қыз сәукеле киеді. Сәукеленің милығы бағалы аң терісімен тігіліп, құлақбау, артқы бау мен тәжі сәнді етіп безендірілген.
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарих бөлімінің маманы Гүлжан Тағанқызы ұлттық киімнің мән-мағынасын түсінідіріп берді.
Біздің өңірден Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы өткен. Сол уақытта күміс монеталар жұрттың қызығушылығын тудырып, сол күйінде сәукелеге әшекей ретінде тақылған. Мұндай сәукеленің бағасы сол заманда 100-ден 500 жылқыға дейін болған. Оны тек бай-қуатты адамдардың қыздары ғана киген. Сәукеле дайын болған кезде қыздың болашақ енесі шақырылып, байғазы алынған. Жеңгелер сәукеле киген қызды көрсетіп, көрімдік алған деседі, - дейді Гүлжан Тағанқызы.
Қыз бала жас кезінде оюлар мен зергерлік бұйымдарға көп көңіл бөлген. Тұрмысқа шыққан соң қызыл тон киетін болған. Тон көп әшекеймен, қызылды-жасылды бұйымдардан жасалған соң, қызылға балап, «қызыл тон» деп аталған.
Маңғыстау халқының киім үлгісінде геометриялық және аң бейнесіндегі оюлар көп кездеседі. Мәселен, Тайжан Досанов шебер тіккен ер адамның шапанында бұғы бейнесін байқауға болады.
Одан бөлек, Гүлжан Тағанқызы әйелдер қынама бел камзолдың ерекшелігін айтып берді.
Ұлы жібек жолы керуені біздің өңірден өткенде ұсақ су моншақтар сәнде болған. Қыздар мен әйелдердің киіміндегі оюлар сол моншақтармен безендірілген. Әйелдер камзолды қынама бел етіп тіккен. Бұл арқылы аналар әйелдің толысқанын байқап отырған. Қыз бала дүниеге келгенде ақ матаны сандыққа салып қойған, ал 7-8 жасында қолына ине беріп, түрлі түсті жіппен ілмелі жаулық немесе көйлектің етегіне кесте жасатқан. Бұл өнер сабырлық пен байсалдылыққа тәрбиелеген, - деді маман.
Ал ілмелі жаулық тек Маңғыстау өңіріне ғана тән. Гүлжан Тағанқызы кестелеп тігілген жаулықтың да өз мағынасы бар екенін айтып отыр.
Әйелдер ілмелі жаулықты 40-45 жастан кейін таққан. Өмірі қызылды-жасылды болсын деп әртүрлі түсте кестеген. Қыз кезінде қызыл орамал, жас келін кезінде ақ орамал, босанған соң баланы емізуге ыңғайлы болғандықтан кимешек киетін. Ал бөртпелі (шашақты) орамалды біздің аналарымыз жасамаған. Ол Ұлы Жібек жолы керуені арқылы келген бағалы тауар. Сол заманда оның құны 1-ден 3 жылқыға дейін бағаланған. Осы сән әлі күнге дейін сақталып келеді. Айта кететіні біздің жаулықтардың ұзындығы 5 метрге жеткен. Себебі көшпенді халық жолда өмір сүргенде оны кебін ретінде де пайдаланған, - дейді маман.
Ал ер адамның шекпені түйенің жабағы жүнінен иіріліп тоқылған. Жаугершілік заманда жау келгенде шекпенді суға малып кигенде, оқ өтпейтін қасиетке ие болған екен.
Мұндай шекпенді үлкен ер адамдар киген. Ал тақиялары шұға немесе мақпал материалдан тігілген. Тақия көбіне бөріктің ішінен киілген. Ер адамдардың сырт киімдері – шапан, шекпен, ішіктер тізеден төмен ұзындықта болған. Жейделері ілгексіз, мақта матадан тігілген, сән-салтанатқа жібектен киілетін. Шалбарлары шаршы және кең. Ішіктің астарына қасқыр мен түлкінің терісі салынған, сырты шұға немесе мақпал матамен тысталған. Сеңсең тон да ер адамның сырт киімі болып саналады. Қой терісі жақсылап иленіп, жүнін ішке, терісін сыртына қаратып тігіліп шыққан. Ал ер адам киген бөріктің жанат бөрік, елтірі бөрік секілді бірнеше түрі бар, - дейді Гүлжан Тағанқызы.
Музей маманы қазір Маңғыстауда үлкен-кішісі киіп жүрген жадағайды сол уақытта сән үшін емес, шаруашылыққа кигенін айтады. Әрі оны жастар емес, тек егде жастағы әйелдер киген. Сондай-ақ, қазір сән болып жатқан шимай оюлардың тек би-сұлтандардың киімінде ғана болатынын айтады.
Жадағайды иығы төмен түскен кейуаналар киген. Ал сән-салтанатқа ішік киген. Егде жастағы әйелдер «көктедім, көгердім, енді көкке жақындадым» деген мағынада көгілдір немесе жасыл түсті көйлектерді бүрмелі етіп киген. Кеңетек көйлектерді әжелер киген. Қазір киімдерге ірі-ірі ою салатын болған, алайда бұл дәстүрге сәйкес емес. Себебі үлкен оюлы киімді тек би-сұлтандар киген. Шимай оюы бар киім де солай. Ал Маңғыстаудың киім үлгісіне сай оюлар тек киімнің жеңіне, өңіріне және жағасына салынады, - дейді маман.