Otpan News Logo

Анадан - қызға, енеден - келінге мұра: Қолөнерші Естұровтар отбасы

Анадан - қызға, енеден - келінге мұра: Қолөнерші Естұровтар отбасы

"Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер" демекші, Естұровтар әулеті –бірлігі бекем, еңбегі ерен мерейлі отбасы. Бұл шаңырақты өзгелерден ерек ететіні –тігіншілік пен қолөнер. Қолдан түрлі бұйым жасау, ерекше стильде сәнді қазақша киімдер тігу ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Күнсұлу анамыз 50 жылдан бері Жармыш ауылында тұрады. 40 жыл бойы жолдасы екеуі мал шаруашылығымен айналысқан. Алтын құрсақты батыр ана 10 баланы дүниеге әкелген. Қазірде немерелері мен жиендерінің қызығын көруде. Отбасының ұйытқысы, ақ жаулықты анамыз бала кезден қолына ине-жіп ұстап, қазақтың бай мұрасын жаңғыртып келеді. Бүгінде бұл өнер анадан - қызға, енеден - келінге мирас болған.


"Балаларымның бәрі өнерлі. Бірі атадан қалған мал шаруашылығымен айналысып отырса, енді бір балам дәнекерлеумен айналысады. Келіндерім де, қыздарым да қолөнерден алыс емес. Келіндерім тігін машинасымен тігін тігіп, қыздарым қолөнер бұйымдарын жасайды. Өзімнің білгенімді үйреттім, бәрі тез қағып алды. Өздері қызығушылық танытып, көргендерін жасап жүр. Үйренгендері – өздеріне жақсы. Бойларындағы осы өнерді азық етіп, қосымша табыс тапқаны артық етпейді. Қыздарым мен келіндерімнен бөлек енді немерелерім де "әже үйретші" деп жүр. Сабақтары аяқталған соң, жазда бәріне үйретемін",- дейді Күнсұлу Телегусова.


Қазір Күнсұлу апаның тігін студиясы бар. Ол сонда барлық тапсырыстарын дайындайды. Қыздарының айтуынша, жастайынан тігін өнерімен айналысқан Күнсұлу апамыздың бойында адамды өзіне баурап алатын ерекше энергия бар. Анасы тіккен өнімдер әлеуметтік желіге салынса адамдар қызығушылық танытып, тапсырыстар әп сәтте үйіледі екен. 


"Қандай да бір мерекелік іс-шараларға шақырса, қалмай барамын. "Отпан тау” мәдени кешеніне де барып жүрдім. Мені көбіне қонақ ретінде сыйлап шақырады. Маған бұйым жасауға, киім тігуге қатысты түсетін тапсырыстар, ұсыныстар көп. Кейде тіпті үлгермеймін. Сол кезде келіндерім, қыздарым көмек береді", - дейді анамыз.


"Әке-шешеміз – нағыз еңбектің адамы. Бала кезімізден қатарымыздың алды болдық. Ештеңеден таршылық көрмей өстік. Мектептегі ең әдемі көйлек пен аяқ киім бізде еді. Себебі анамыз барлығын қолдан тоқып, тігіп берді. Мен бала күнімнен тігіншілікке жақын болдым. "Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы" деп анам қолөнерге кішкентай кезімнен баулыды. Бала кезімде тартыншақтайтын кездерім болды, әрине. Дегенмен, қазір осы істің жемісін көріп отырмыз. Барлығы ата-анамыздың тәрбиесінен. Талант – 1%, қалған істің 99%-ы еңбектен тұрады", - дейді қызы Мира Естурова.


Үзілхан Бүркитова – осы әулеттің келіні. Шебер болып кетпесе де шебердің қасында жүріп тігіншілікке жақын болып, біраз нәрсені үйренгенін айтады.


"Өзім де қолөнерден алыс емеспін. Осы шаңыраққа келін болып түскелі енемнің жанында жүріп көмектесемін. Текемет, көрпе, киім – бұлардың барлығы үлкен еңбекті талап етеді. Осындай қолөнер бұйымдарының артында бірнеше адамның еңбегі жатыр. Менің ойымша, қолөнер бұйымдарының барлығы адамның қажеттілігінен туындайтын дүние. Себебі қазіргі таңда адам экономикалық сауатты болған сайын өнердің түр-түрін үйренуге ұмтылады. Тігін өнері де – адамға үлкен азық болатын берекелі іс", - дейді келіні Үзілхан Бүркитова.


Мерейлі отбасының басты құпиясы — бірлік пен еңбекқорлықта. Әр отбасы мүшесі өз ісіне махаббатпен қарап, бір-біріне қолдау көрсеткен шаңырақтың болашағы әрқашан жарқын. Бұл отбасы - бүгінгі қоғамға, жас ұрпаққа үлгі боларлық нағыз еңбек адамдары.

16
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!