Маңғыстауда мұнайшылар әр бейсенбі ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған
«Қаражанбасмұнай» компаниясында ұлттық киімді дәріптеу мақсатында ерекше дәстүр қалыптасқан. Әлеуметтік жұмыс бөлімінің қызметкерлері бір ауыздан әр бейсенбі күнін «қазақы стиль күні» деп белгілеп, ұлттық нақыштағы киімдер киюді әдетке айналдырған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Департаменттегі ер азаматтар шапан, тақия және ою-өрнекпен көмкерілген киімдерді таңдаса, қыз-келіншектер кәжекей, бешпент, ұлттық үлгідегі көйлектер киіп, түрлі әшекей бұйымдарымен сәнденеді.
Бастаманың тағы бір ерекшелігі – қызметкерлер киім киіп қана қоймай, оның тарихын, тігілу технологиясын және әр элементінің мән-мағынасын зерттеп, мәліметтер жинақтайды. Осылайша, олар ұлттық мұраны тереңірек тануға үлес қосып отыр.
Компания мамандарының айтуынша, бұл жоба дәстүрді дәріптеумен қатар, ұлттық рухты көтеруге және өткен мен бүгіннің арасын жалғау үшін жасалған маңызды қадам.
Бұл идея екі жыл бұрын ойымызға келді. Содан бері әр бейсенбі күні жұмысқа ұлттық киіммен келеміз. Әр қызметкер өз киімінің тарихын айтып береді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар да алып келеміз. Бұл – жастарға үлкен тәрбие деп ойлаймын. Осы ісімізбен сыртқы келбетке мән беріп қана қоймай, ұлттық мәдениетке деген құрметімізді көрсеткіміз келеді. Біздің бастамамыз басқа бөлімдерге де үлгі болып, олар да қазақы киіммен келе бастады. Тағы бір ерекшелігі – бұл күні тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Егер біреу басқа тілдегі сөз қолданса, айыппұл төлейді. Жиналған қаржыға бөлімге қажетті заттар сатып аламыз, - дейді әлеуметтік жұмыс бөлімінің басшысы Анар Махамбетова.
Ұжым мүшелері мұндай игі бастаманың қоғамға оң әсер етіп, кеңінен қолдау табатынына сенім білдіреді.