Мереке күндері әуе рейстерінің саны артады
Наурыз мерекелері қарсаңында қазақстандық әуе компаниялары ішкі рейстер санын арттырып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Air Astana және FlyArystan компаниялар тобы 2026 жылғы 16–29 наурыз аралығында ел ішіндегі ең сұранысқа ие бағыттар бойынша қосымша 146 рейс орындауды жоспарлаған. Оның 80-і Алматы-Астана бағытына тиесілі.
Сондай-ақ Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Атырау, Өскемен және Орал қалаларына қосымша рейстер жоспарланған.
Өз кезегінде SCAT әуе компаниясы да қосымша рейстер ашуды жоспарлап отыр: 19–21 наурыз аралығында Алматы-Астана бағыты бойынша 5 рейс, сондай-ақ Шымкент-Ақтау бағыты бойынша 1 рейс орындалады. Бұдан бөлек, 23–26 наурыз аралығында Алматы-Астана бағыты бойынша тағы 4 рейс, сондай-ақ Шымкент-Астана және Ақтау-Астана бағыттарына бір-бірден рейс жоспарланған.
Рейстер санының артуы өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, мереке күндері азаматтардың сапарлауына қосымша мүмкіндік береді.
Жолаушыларға қосымша рейстердің бар-жоғын әуе компаниялардың ресми сайттарынан алдын ала тексеріп, сапарларын ертерек жоспарлап, билеттерді уақытылы рәсімдеу ұсынылады.