Otpan News Logo

«Салауатты сана» керуені өндіріс орындарында кездесу өткізді

«Салауатты сана» керуені өндіріс орындарында кездесу өткізді

Ақсақалдар және Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Салауатты сана» керуені ірі өндіріс орындарында кездесу өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Керуен ұжымы «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндіріс нысандарында болып, жұмысшылармен жүздесті. Кездесудің басты мақсаты - еңбек ұжымдары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Соның ішінде отбасылық құндылықтар мен жастардың виртуалды өмірге тәуелділігі қозғалған басты мәселелердің бірі болды. 


“Салауатты сана” керуенінің басты мақсаты - қоғамдағы 5 кеселдің алдын алу. Айналамызда орын алып жатқан түйткілді мәселелерді ұжымдарға жеткізу. Соның ішінде: ойынқұмарлық, ысырапшылдық, отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы кеңінен қозғалды. Ірі өндіріс орындарындағы жұмыскерлерге отбасы тәлім-тәрбиесін назарға алуды түсіндіру басты мақсат болды. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды көбірек өткізуге тырысамыз”, - деді Маңғыстау облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов. 


Шара барысында керуен мүшелері жұмысшылармен ашық пікір алмасып, денсаулықты сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту, рухани тәрбие мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу бағытында ой бөлісті.


Өндіріс орындарындағы қызметкерлердің айтуынша, мұндай кездесу еңбекші азаматтардың саналы өмір салтын қалыптастыруға және қоғамдағы оң құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.


“Біздің жұмыс орнымызға “Салауатты сана” керуенінің келгеніне өте қуаныштымыз. Мұндай кездесулер жұмысшылар үшін өте маңызды деп есептеймін. Себебі өндіріс орнында еңбек етіп жүрген азаматтарға тек кәсіби емес, рухани және әлеуметтік тұрғыдан да қолдау қажет. Алдағы уақытта да осындай елге, жұртқа, келешек ұрпаққа пайдасы тиер шаралар көп болса деген тілек бар”, - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ өндіріс басшысының орынбасары Қазбек Тажбенов.


“Біздің қызметкерлеріміз үшін жақсы кездесу өтті. Әлеуметтік маңызы бар мәселелер қозғалды. Келген спикерлер тәлім-тәрбиесі мол әңгіме айтты. Айтылған ақыл-кеңестер болашақта барлығының керегіне жарар деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осындай кездесулер өтеді деп ойлаймыз”, - деді “Қаламқас Мұнай Газ” өндірістік басқармасының әлеуметтік топ жетекшісі Бақтыгерей Юсупов.
41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!