Otpan News Logo

Маңғыстауда күн батареяларын мектептерге орнату жобасы авторлық құқық алды

|
17.03.2026 18:15
Маңғыстауда күн батареяларын мектептерге орнату жобасы авторлық құқық алды

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Қадырбек Даулетов және мектептің 9 сынып оқушылары Айсана Жанғалиева, Анель Тасмағамбетованың бірігіп жасаған «Маңғыстаудағы күн энергиясының мүмкіндіктері: Біз қанша энергия жоғалтып жатырмыз?» ғылыми-зерттеу жобасы авторлық құқық алды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның ұсынысы – өлкедегі білім ордаларында қолданылатын электр энергиясының бір бөлігін күннен энергия алатын батареяларды орнату арқылы алып, нәтижесінде электр энергиясын үнемдеу. Бұл идеяны оқушылар қыркүйек айынан бері жоба ретінде қарастырып, қазіргі таңда экономикалық тұрғыда тиімділігіне есеп жүргізіп жатыр. 


- Маңғыстау облысы - күн сәулесі көп түсетін аймақтың бірі. Оның үстіне зияткерлік мектеп территориясында күн сәулесі панелдері бар. Олардың нәтижесін көру арқылы біз қазіргі жалпы білім беру мектептеріне панельдерді орнатуды ұсынып отырмыз. Жобамыз бірнеше бағытта дамытамыз, - деді оқушылардың жетекшісі Қадырбек Сансызбайұлы. 


Жоба авторларының сөзінше, қазіргі таңда басты бағыт - күн сәулесі панельдерінің мектеп территориясына орнатудан бұрын мемлекеттік бюджетке салынатын соманы есептеу, оның ақталуы мен ұзақ мерзімге қолдануға жарамдылығын анықтау маңызды.


- Білім беру ұйымдарына мұндай жобаны нақты енгізу үшін алдымен экономикалық тиімділігін анықтау қажет. Сонымен қатар, біздің мектебімізде орнатылған күн панельдері жинақталған альтернативті энергияны сақтамайды. Ал біз зерттей келе, жинақталатын күн панельдерін тауып, олардың артықшылығына, сипаттамасына талдау жасадық. Соңғы шыққан модельдер білім беру ұйымдары үшін өте тиімді болғалы тұр. Олар 25 жылға дейін электр энергиясын өндіре алады, - дейді Айсана Жанғалиева. 


Жас ізденушілер алдағы уақытта эксперименталды түрде күн панельдерін жалпы білім беру мектептерінің біреуіне енгізіп, нәтижесін тексеруді жоспарлап отыр. Зерттеу жұмысы оң нәтижесін берсе, құзырлы органдарға нақты ұсынысын жеткізбек. 


Айта кетейік, Ақтаудағы NIS мектебінде 2019 жылы 320 күннен энергия жинайтын панель орнатылды. Нәтижесінде оқу орны 15-20% электр қуатын үнемдеп отыр.

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!