Ұлттық киім күні: Маңғыстауда наурызнама күнтізбесі бойынша іс-шаралар басталды
Елімізде наурызнама күнтізбесіне сәйкес 18 наурыз - Ұлттық киім күні. Бұл күн ұлттық киімдерді дәріптеуге, мәдени мұраны насихаттауға және заманауи стильмен ұштастыра отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, жастардың қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар жалғасуда.
Осы орайда Ақтау қаласында тоғызқұмалақтан тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында жарыс басталды. Сонымен қатар, Түпқараған ауданында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан облыстық ашық турнир өтіп жатыр.
«Өткізіліп жатқан іс-шаралар ұлттық мәдениетті дәріптеуге, ұлттық киімнің маңызын арттыруға, сондай-ақ азаматтарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуға бағытталған», - деп жазылған министрлік хабарламасында.