Тұзбайырда тазалық акциясы: «Қызылсай» мамандары тұрғындарға үндеу жасады
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шетпе ауылы маңында сенбілік жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сонымен қатар, өңірлік табиғи парк мамандары ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан туристтік аумағына келушілерге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үндеу жолдады.
«Құрметті тұрғындар мен қонақтар! Тұзбайыр соры, Бозжыра, Қызылкүп, Боқты таулар– «Қызылсай» паркінде орналасқан туристік нысан. Осыған байланысты табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айтқымыз келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сіздерден тазалық сақтауды, қоқыс қалдырмауды, жартастар мен жер бедерін бүлдірмеуді және өрт қауіпсіздігін сақтауды сұраймыз. Табиғат – келешек ұрпаққа аманат», - деді парк ұжымы.
Ал мекеме басшысы Мыңберген Қаратауовтың айтуынша, табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті.
«Тұзбайыр сияқты бірегей табиғи аймақтарға келушілерден тазалықты сақтауды, қоқыс қалдырмауды және белгіленген ережелерді қатаң ұстануды сұраймыз. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру. Табиғатты аялау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді ол.