«Бейнеу – Сексеуіл» бағыты –туристерді Каспий теңізіне апаратын жол
Елімізде туристік аймақтарға жетуге қолайлы болу үшін автомобиль жолдары салынып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау жол жүру уақытын қысқарту ғана емес, жол бойындағы инфрақұрылымның сапасын жақсарту және ішкі туризмді дамытудың маңызды серпіні.
- Туризмді дамыту бағытындағы маңызды жобалардың ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты ерекше маңызға ие, ол болашақта Каспий теңізіне апаратын жолды ашады. «Орталық – Батыс» дәлізі Торғай өңіріндегі туристік аймақтарды елордамен байланыстырып, саяхатшылар үшін жаңа бағыттарды қалыптастырады. Ал «Өскемен – Рахман қайнары» жобасы Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытуға серпін береді, - делінген Көлік министрлігінің ақпаратында.
Бұдан бөлек, министрлік республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеудің ауқымды жобасы аясында Қазақстанның туристік аймақтарына апаратын бірқатар жол учаскесі жаңартылатынын атап өтті. Оның ішінде, Жаңаөзен – Кендірлі, Өскемен – Қатонқарағай, Көкшетау – Зеренді, Кеген – Қырғызстан шекарасы, Қалқаман – Баянауыл автожолдары қамтылады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға қолайлы қатынауды қамтамасыз етуге бағытталған 33 өңірлік жобаны іске асырады. Бұған қоса, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізуде. 2026 жылы жол бойы сервистің 50 жаңа нысанын салу жоспарланған. Кәсіпкерлерді қолдау үшін нысандарды күтіп ұстау шығындарының орнын толтыру көзделген.
Алакөл көлінің жағалауына көліктік қолжетімділікті жақсартуға ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта ұзындығы 8,2 км болатын «Қабанбай ауылының айналма жолын салу» жобасы әзірленді, ол елді мекендегі транзиттік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл шаралардың іске асуы автожол желісінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, инфрақұрылым сапасын жақсартып, туристік объектілерге жету уақытын қысқартады. Бұл ішкі туризмді дамыту мен жол саласындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызбақ.