Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының екі дзюдошысы жарысты жүлдесіз аяқтады
БАКУ. OTPANNEWS.KZ Дзюдодан әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде татамиге шыққан Қазақстан дзюдошылары жүлдесіз қалды. Бұл туралы Otpannews.kz тілшісі Бакуден хабарлайды.
5 қазан күнгі сында 66 келіде Нұрқанат Серікбаев алғашқы айналымда Алжир өкілінен басым түсті. Алайда келесі кезеңде әлем чемпионы, жапониялық Такеока Такешиге қатысты бірнеше әдіс жасағанымен төреші есепке алмады. Кездесу соңына таман күншығыс елінің өкілі юко ұпайын еншіліп, 1/8 финалға жолама алды. Ал осы салмақтағы тағы бір отандық балуан Ақылжан Жұбатқанов Сальвадор дзюдошысын жарыс жолынан шығарған болаты. Бірақ ол іріктеудегі екінші қарсыласы, тәжікстандық Эмомали Нұрәлиден белдесудің алғашқы минутында есе жіберіп, жүлде алу мүмкіндігінен айырылды.
Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының екінші күнін аяқтап отыр. Бүгінгі сында әйелдер құрамасынан отандық татами шеберлері 52 келіде сынға түспейді.
Ұлттық құрама балуаны Ақылжан Жұбатқанов қарсыласына неліктен төтеп бере алмағанын айтып, белдесулегі осал тұсы туралы пікір білдірді.
«Белдесу алдында бапкерім тәжік балуанын татамиде өзіме қатты жақындатпауды қатаң тапсырды. Алайда бұл тактикалық тапсырманы мен орындай алмадым. Қарсыламын оңай спортшы емес. Өткен жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Эмомали Нұрәли белдесуде өзіне тартып, қысып күреседі. Мен бұл сында оны тіреп үлгермей, иппон ұпайына түсіп қалдым. Жалпы, ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырмын. Жастар бәсекесімен салыстырған үлкен айырмашылық бар. Чемпионаттаың деңгейі өте биік. Алда дайындығымды күшейтіп, үлкен жарыстарда жүлде аламын деген үмітім бар. Әлем чемпионатына жақсы дайындықпен келдім. Алматыда бір айлық оқу-жаттығу жиындарына қатыстым», - деді Ақылжан Жұбатқан.
Қазақстан дзюдошылары турнирдің алғашқы жарыс күнінде күміс медаль иеленген еді. Аталған жүлдеге ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Шерзод Давлатов қол жеткізді. Сонымен бірге, Аман Бақытжан (60 кг), Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева іріктеу бәсекелерінен өте алмады.
Бакудегі дзюдо бәсекесінде Маңғыстау облысының балуаны Жантілек Нұртілепұлы белдеседі. Ол 11 қазан күні аралас командалық сында құрама сапында белдесуге шығады.