Маңғыстау облысында Медициналық орталық күндері өтуде
28-29 қыркүйек күндері Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтуде. ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы мен Ұлттық госпиталінің мамандары пациенттерге консультация беріп, операциялар мен шеберлік сабақтарын өткізуде. Сонымен қатар өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған семинарлар мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Медициналық орталық күндерінің негізгі мақсаты – өңірлерде мамандандырылған әрі жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ мамандар арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету. Іссапар аясында диагностика мен емдеудің заманауи әдістері аймақтағы медициналық ұйымдардың базасында тікелей көрсетілуде. Бұл өңір дәрігерлеріне практикалық дағдыларды меңгеріп, оларды кейінгі кәсіби қызметінде қолдануға мүмкіндік береді.
Негізгі іс-шаралар Жаңаөзен қаласының көпбейінді қалалық ауруханасы мен Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының базасында өтуде.
Жаңаөзен қаласында Медициналық орталық ауруханасының мамандары нейрохирургия және аритмология бағыттары бойынша пациенттерге консультация беріп, операциялар жүргізуде. Нейрохирург Исламбек Мұсабеков бас миының қан тамырлары патологиялары кезінде интервенциялық емдеу және стенттеу әдістерін қолдана отырып, хирургиялық араласулар жүргізуде. Дәрігер-аритмолог Шалқар Смағұлов электрокардиостимуляторларды имплантациялау оталарын жасап, пациенттерге консультация беруде.
«Сапарымыздың негізгі міндеттерінің бірі – өңір тұрғындары үшін заманауи нейрохирургиялық көмек әдістерін қолжетімді ету және жергілікті мамандармен тәжірибе алмасу. Интервенциялық әдістер арнайы микрокатетерлерді пайдалану арқылы бас миына ашық операция жасамай-ақ, қан тамырлары патологияларын аз инвазивті жолмен емдеуге мүмкіндік береді. Бұл пациенттердің тезірек қалпына келуіне ықпал етеді және инсульттің алдын алуда маңызды рөл атқарады», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Исламбек Мұсабеков.
Ақтауда қан тамырлары хирургі Сырым Әшір аяқтағы қан айналымын қалпына келтіру бойынша операциялар жасауда. Сондай-ақ аритмолог дәрігер Шалқар Смағұловтың жетекшілігімен жүректің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге арналған арнайы құрылғыны орнату жоспарланған.
Бағдарламаның жеке бір бөлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған. Медициналық орталық ауруханасының мамандары гастроэнтерология, эндокринология, пульмонология және кәсіби білім беру салаларындағы өзекті мәселелер бойынша онлайн-презентациялар өткізуде.
Ұлттық госпиталь мамандары инфекциялық бақылау және мейіргер ісі бойынша практикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Бағдарлама аясында госпиталь эпидемиологының қатысуымен клиникалық аралау, сараптамалық мейіргерлік аралау және пациенттерге күтім жасау бойынша презентация өткізіледі. Сондай-ақ реаниматолог дәрігерлер үшін ауыр пневмония және жедел респираторлық дистресс-синдромы бар пациенттерді жүргізу, сепсисті диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша онлайн-презентациялар ұйымдастырылуда.
Медициналық орталық күндері аясында Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары биологиялық қауіпсіздік пен қорғау, сондай-ақ зертханалық қызмет мамандарының біліктілігін тексеру мәселелері бойынша онлайн-презентациялар өткізеді. Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігі, сондай-ақ медициналық ұйымдарды тиімді басқару мәселелеріне арналған денсаулық сақтау саласындағы топ-менеджерлер мектебін өткізеді.
«Біз үшін сапалы мейіргерлік күтімді қамтамасыз ету ғана емес, пациент үшін ықтимал қауіптерді алдын ала анықтау да маңызды. Ұлттық госпитальде пациенттің жағдайы медициналық ұйымға түскен сәттен бастап бағаланады. Бұл ретте құлау, ойылу жараларының пайда болу қаупі және басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Мұндай тәсіл профилактикалық шараларды уақтылы қабылдауға және пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің терапиялық қызметінің мейіргер ісі жөніндегі менеджері Мадина Кенжебекова.
Медициналық орталық күндері халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді және өңір мамандарының кәсіби дамуын ұштастырады. Бірлескен операциялар, консультациялар, шеберлік сабақтары мен білім беру іс-шаралары емдеудің заманауи әдістерін өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысына тікелей енгізуге және мамандар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.