Мұнайлы ауданында «Бес кеселдің» алдын алуға бағытталған ақпараттық брендмауэрлер орнатылды
Мұнайлы ауданында қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға және тұрғындардың ақпараттану деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық брендмауэрлер орнатылды.
Ақпараттық бастама «Салауатты сана – қауіпсіз қоғам негізі» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, құмарпаздық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік мәселелердің алдын алу, тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және қоғамда саналы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Жоба жоспарына сәйкес «Бес кесел» бағыты бойынша төрт ақпараттық брендмауэр әзірленіп, Мұнайлы ауданындағы қоғамдық кеңістіктерге орналастырылды. Визуалды материалдар тұрғындардың назарын әлеуметтік мәселелерге аударып, олардың алдын алуға бағытталған профилактикалық ақпаратты тұрақты түрде жеткізуді көздейді.
Атап айтқанда, құмарпаздықтың алдын алуға арналған брендмауэрде құмар ойындарға тәуелділіктің адамның өміріне, отбасылық қарым-қатынасына және қаржылық жағдайына тигізетін кері әсері туралы ақпарат берілді. Тұрғындар мен жастарға құмар ойынның оңай табыс көзі еместігі және саналы таңдау жасаудың маңыздылығы жеткізілді.
Вандализмге арналған ақпараттық материал қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, қоғамдық орындар мен қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Бастаманың негізгі идеясы – қоғамдық кеңістіктің тазалығы мен бүтіндігі әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін түсіндіру.
Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған брендмауэр орнатылды. Ақпараттық материал арқылы отбасындағы өзара сыйластық, қауіпсіздік және жауапкершілік құндылықтары насихатталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке отбасы мәселесі ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе екеніне назар аударылды.
Ал «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбындағы брендмауэр тұрғындарды есірткінің зияны мен оның салдары туралы ақпараттандыруға бағытталды. Әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулық пен болашаққа жауапкершілікпен қарау қажеттілігі атап көрсетілді.
Ақпараттық брендмауэрлерді орналастыру арқылы профилактикалық ақпаратты қоғамдық кеңістікте тұрақты түрде жеткізу және тұрғындардың әлеуметтік мәселелерге деген назарын арттыру көзделді. Жоба аясында офлайн визуалды ақпараттандыру арқылы ай сайын 3000-нан астам адамды қамту жоспарланған.
Осылайша, «Бес кесел» бағыты бойынша жүзеге асырылған ақпараттық жұмыстар қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға, тұрғындардың саналы таңдау жасауына және қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталды.
«Салауатты сана – қауіпсіз қоғам негізі» әлеуметтік жобасы Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімі ММ-нің тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен, «Көмек командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.