Бейнеулік азамат Мағжан Жұмабаевтың еңбегін төте жазудан кириллицаға аударды
«Тұлға» оқу орталығының негізін қалаушы, бейнеулік Найзабек Жанбай Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» атты оқулығын төте жазудан кириллицаға аударды. 500 дана тиражбен жарық көрген кітап биыл оқырманға жол тартты.
Оқулықты аудару жұмысы 2023 жылы басталған. Екі жылға жуық уақыттан кейін еңбек толық өңделіп, биыл кітап болып жарық көрді.
Оқу құралы – Мағжан Жұмабаевтың 1923 жылы Ташкент қаласында жарық көрген, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған еңбегі. Сол кезеңде мұғалімдер мен оқушыларға арналған оқулықтар өте тапшы болған. Автор кітаптың кіріспесінде еңбекті шағын кітапша ретінде сипаттаған.
Кітапты аударуға Найзабек Жанбайдың өмірінде болған қиын кезеңдер де себеп болған.
«Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада жүргенімде бір танысым осы кітапты аударып көруді ұсынды. Басында бірден келіскен жоқпын. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығым артып, аударуға кірістім. Кітап көлемі жағынан шағын болғанымен, өзіндік қиындықтары болды. Мен 1-4 сынып аралығында ауыр сырқатқа шалдығып, ем алдым. Денсаулығыма байланысты мектепке бара алмадым. Аптасына екі рет, бар-жоғы 30 минуттан ғана оқып жүрдім. 5-сыныпта ғана мектепке бардым. Қатарластарыма ілесіп кету үшін үш жыл уақытым кетті. Осы кітапты аудару барысында «Бастауыш жастағы бала нені меңгеруі керек?» деген сұрақтың жауабын таптым. Мағжан Жұмабаев бастауыш сынып оқушысы сауатты оқып, сауатты жазып, өз ойын адамдарға нақты жеткізе білуі керек екенін айтады. Оқулықта осы дағдыларды балаға төрт жыл ішінде қалай меңгерту керектігі жүйелі түрде жазылған. Бала бастауыш сыныпта мықты білім алса, болашақта да жоғары деңгейде оқи алады», – деді Найзабек Жанбай.
Найзабектің айтуынша, бұл кітапты бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын кез келген азамат 40-50 минутта оқып шыға алады. Жарық көргеніне бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің құндылығын жоймаған оқулықта бала тәрбиесі мен білім беру ісіне қатысты маңызды кеңестер қамтылған.