Олимпиада чемпионы Ақтауда өтетін Азия кубогында күреседі
OTPANNEWS.KZ.Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық дзюдошы Диора Келдиорова Ақтауда өтетін Азияның ашық кубогына қатысады.
Екі жылдан астам уақыт үзілістен кейін татамиге қайта оралған танымал балуан үшін бұл сын маңызға ие. Қазан айының 16-17 қазан күндері жалауы желбіретін дәстүрлі сынға Азия мен Еуропа құрлығынан 230 дзюдошы қатысады деп күтіліп отыр.
Диора Келдиорова 52 келіде Париж Олимпиадасында топ жарған. Өзбекстан өкілі Франция астанасындағы ойындардың алғашқы белдесуінде Токио Олимпиадасының чемпионы, сол кездегі төрт дүркін әлем чемпионы, жапониялық Ута Абэні сенсациялық жағдайда жеңіп, танымалдығы арта түскен еді. Спортшы әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері. Сонымен бірге, Азия ойындарының жеңімазы және Азияның екі мәрте чемпионы.
Бірақ спортшы Париждегі жарыстан соң сәбилі болып, үлкен спорттан қол үзді. Кейін жаттығуды қайта қолға алып, 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуды көздейтінін жасырмаған еді.
Ақтауда жыл сайын дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азияның ашық кубогында бұған дейін көптеген танымал спортшылар күрескен. 2024 жылы бұл сында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Эльмар Гасымов күресіп, -100 келіде қола жүлдеге ие болған еді.