Жергілікті жолдарда 2 мыңға жуық технологиялық ақау анықталды
OTPANNEWS.KZ. - Биыл елімізде ”Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” жергілікті жол желісінде 15 мыңнан астам жол-құрылыс материалдарының сынамасын зерттеді. Зертханалық сынақтардың нәтижесінде олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Бұл деректер Астанада ҚР Көлік министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты семинар-кеңесте жарияланды.
Зерттеу нәтижелері жергілікті жолдардың сапасы мәселесі жол-құрылыс материалдарын қолдану кезеңінің өзінде өзекті болып отырғанын көрсетеді. Зертханалық сынақтар талапқа сәйкессіздіктерді уақтылы анықтап, олардың жол нысанының сапасы мен пайдалану мерзіміне әсер етуіне жол бермей, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау анықталған. Бүгінгі таңда олардың 214-і жойылды, ал 1 783-і әлі де жойылмаған. Яғни анықталған бұзушылықтардың шамамен 90 пайызы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмеген.
Бұдан бөлек, 2024–2026 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Аталған нысандардың бірқатарында жүргізілген тексеру барысында талаптарға сәйкессіздіктер анықталған.
Семинар барысында өңірлердің өкілдері мен «Жол Сапа» мамандары проблемалық нысандарды, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін және анықталған ақаулардың уақтылы жойылмау себептерін қарастырып жатыр. Сондай-ақ техникалық қадағалау қызметі, мердігер ұйымдар, жергілікті тапсырыс берушілер мен Орталық мамандары арасындағы өзара іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жекелеген ескертулер қолданыстағы нормативтік базаға қатысты болды. Қатысушылар қолданыстағы нормаларды қайта қарау және талаптардағы бар сәйкессіздіктерге байланысты нормативтік құжаттарға кешенді ревизия жүргізу қажеттігін атап өтті. Нормативтік базаны өзектендіру жол жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жұмыс қорытындысы бойынша жергілікті жол желісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленіп, анықталған бұзушылықтарды жоюға жауапты тұлғалар мен мерзімдер белгіленеді. Сонымен қатар нормативтік базаны өзектендіру бойынша ұсыныстар әзірленеді.
Сондай-ақ жергілікті жол желісі бойынша үш жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және өңірлік әрі республикалық деңгейде шешуді талап ететін мәселелерді айқындау көзделіп отыр. Анықталған сәйкессіздік тек тексеру нәтижесінде тіркеліп қана қоймай, белгіленген мерзімде міндетті түрде жойылуы тиіс дейді мамандар.