Президент: Алдағы жылдары Қазақстанның барлық өңірінде құрылыс қарқын алады
BAQ.KZ
OTPANNEWS.KZ. – Алдағы жылдары Қазақстанда жолдар, теміржолдар, көпірлер, мектептер, ауруханалар мен басқа да инфрақұрылым нысандары салынып, ескілері жаңартылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл жұмыстар еліміздің барлық өңірін қамтиды. Бұл туралы ол «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
«Жаңа тарихи кезеңге қадам баса отырып, біз бүкіл азаматтық инфрақұрылымды салу және жаңарту жұмысына кірісеміз. Алдағы бірнеше жылда еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмыстары қарқын алады. Бұған дейін айтылғандай, біз автомобиль жолдарын, өнеркәсіптік және энергетикалық нысандарды, теміржолдарды, көпірлерді, инженерлік желілерді, гидротехникалық құрылыстарды, мектептерді, ауруханаларды, спорт кешендерін және, әрине, мәдениет нысандарын саламыз. Заманауи инфрақұрылымның құрылысы ондаған жаңа өндіріс орнын ашумен және ең бастысы, халықтық цифрлық экономиканы дамытумен тығыз байланысты. Осылайша, тәртіп, жауапкершілік және табанды еңбек арқылы біз таяу уақытта ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін түбегейлі өзгертеміз. Ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын қуатты әрі тартымды мемлекетке айналдырамыз. «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, адал еңбек етсек, алдымызға қойған барлық мақсатқа міндетті түрде жетіп, ұрпақтарымызға лайықты мұра қалдырамыз. Бұған дейін де бірнеше рет айтқан сөзімді тағы да қайталаймын: бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз ұлт бірлігін, қоғамның әлеуметтік негізін жан-жақты нығайтуымыз керек. Стратегиялық мақсаттарымыз бен жоспарларымыздың түпкілікті табысқа жетуінің кепілі – дәл осы. Осы жолды ұстана отырып, Қазақстан әлемдік өркениеттің алдыңғы қатарынан лайықты орын алатынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
16
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев