Otpan News Logo

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асырылады

|
28.10.2026 11:32
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асырылады

OTPANNEWS.KZ – Қазақстанда халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қолға алынбақ. Жоба аясында өңірлерде денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандары салынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

 

 «Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек»,- деді Президент. 

 

Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.

 

«Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін»,- деді Президент.
18
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!