Маңғыстауда су өндіру қуатын арттыратын үш жоба жүзеге аспақ
Маңғыстауда ауыз су тапшылығы мәселесін шешу әрдайым басты назарда. Халық санының өсуі мен Ақтаудың солтүстік бағытта кеңеюіне байланысты алдағы жылдары суға сұраныс арта түспек. Осыған байланысты өңірде су өндіру қуатын арттыру, су және кәріз желілерін жаңарту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Өңірде су желілеріндегі апат саны да біртіндеп азайып келеді. 2024 жылы 978 апат тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 704-ке дейін төмендеген. Биыл алты айда 171 апат болған. Апаттардың алдын алу үшін су және кәріз желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары су тұшыту нысандары іске қосылғаннан кейін Ақтауда су тапшылығы мәселесі шешіле бастады.
Қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 22-шағынаудандарда 18 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 42,59 шақырым су құбыры және 16,8 шақырым кәріз желісі жаңартылды. Сонымен бірге бес кәріздік сорғы станциясы реконструкцияланған. Жөндеу жұмыстардан кейін су желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 73%-ға, кәріз желілерінің тозуы 75%-дан 70%-ға дейін төмендеген. Екінші кезеңде тағы сегіз шағынауданда – 7, 8, 9, 14, 15, 22, 23 және 24-шағынаудандарда желілерді жаңарту жоспарланған. Бұл кезеңде 56,9 шақырым су құбыры және 31,1 шақырым кәріз желісі қайта жаңғыртылмақ. Қазір 7 және 8-шағынаудандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал 2027–2030 жылдары қалған алты шағынаудандағы жұмыстар Ұлттық жоба аясында жүргізіледі. Барлық жоба толық іске асқаннан кейін Ақтауда су желілерінің тозуы 67%-ға, кәріз желілерінің тозуы 65%-ға дейін төмендейді.
Кендірлі курорттық аймағының Тоқмақ жерінде тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұшыта алатын станция жұмысын бастады. Ал Жетібай ауылында тәулігіне 6,5 мың текше метр Еділ суын тазартатын станция іске қосылды. Ал Ақтаудың солтүстік бағытта кеңеюі мен халық санының өсуіне байланысты алдағы жылдары су өндіру көлемін тағы арттыру жоспарланып отыр.
2030 жылға дейін жалпы қуаты тәулігіне 96 мың текше метр болатын үш жобаны іске асыру көзделген. Соның бірі – «МАЭК» аумағында тәулігіне 12 мың текше метр су тұшыту қондырғысын салу. Құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, осы аумақта тәулігіне 24 мың текше метр су өндіретін кері осмос станциясы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының 40%-ы орындалған. Нысанды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ақтауда жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары нәтижесін беріп отыр. Қалада 64 шақырым магистральдық және шағынауданішілік жылу желісі жаңартылды. Соның нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 79%-дан 70%-ға дейін төмендеді.
Жылыту маусымындағы апат саны да азайған. 2024 жылы 376 апат тіркелсе, 2025 жылы – 258, ал биыл бұл көрсеткіш 118-ге дейін төмендеген. 2026 жылы жылу желілерін жаңартуға жалпы құны 45,2 млрд теңге болатын бес жобаны іске асыру жоспарланған. Қазір мердігерлермен шарттар жасалып, қажетті материалдарды жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.