Қасым-Жомарт Тоқаев: Бизнеске заңсыз кедергі жасау – мемлекетке қарсы қылмыс
OTPANNEWS.KZ. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді, әсіресе шағын және орта бизнесті қорғау, әділ бәсекеге жағдай жасау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір өндірушілердің, соның ішінде азық-түлік кәсіпорындарының ішкі нарыққа шығуына әдейі кедергі жасалып, импорттық тауарлардың бағасы қолдан төмендетіліп отыр. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерді тоқтатып, экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық қудалауға қатысты мәселелерді де реттеу қажет екенін атап өтті.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
«Сонымен қатар экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден өтініштер әлі де түсіп жатыр. Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар. Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек. Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады», - деді мемлекет басшысы.
21
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев