Otpan News Logo

Ақтауда оқушыларға ағылшын тілін тегін үйрететін жоба іске қосылды

|
28.10.2026 14:44
Ақтауда оқушыларға ағылшын тілін тегін үйрететін жоба іске қосылды

OTPANNEWS.KZ. – Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі №18 жалпы білім беретін мектеппен бірлесіп, English Mentor School Project білім беру жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында студент-волонтерлер төртінші сынып оқушыларына ағылшын тілінен қосымша сабақ өткізеді. Бастама оқушылардың қосымша білім алуына мүмкіндік берсе, болашақ педагогтерге сабақ беру мен тәлімгерлік тәжірибесін жинақтауға көмектеседі.


Жоба қаржылық жағдайына байланысты ақылы тіл курстарына қатыса алмайтын балаларға бағытталған. Жоба жетекшісі, ағылшын тілі пәнінің арнайы пәндер оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Роза Бердешеваның айтуынша, қазіргі таңда қосымша білім алу құны көптеген отбасы үшін кедергі болып отыр.


«Біз балалардың ата-анасының материалдық жағдайына қарамастан, ағылшын тілін үйренуіне мүмкіндік жасағымыз келеді. Қазір қосымша тіл курстарының құны 30 мың теңгеден басталады. Мұндай сабақтарға әр отбасының тұрақты түрде ақы төлеуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан колледж бен мектептің мүмкіндіктерін біріктіріп, тегін білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсетуді ұйғардық. Біз үшін балаларға қосымша білім берумен қатар, олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру және өз күшіне сенуіне көмектесу маңызды», – деді Роза Бердешева.


Жоба колледж бен №18 мектеп арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Оған «Шет тілі мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жатқан ШБ-25-2 тобының екінші курс студенттері қатысады.


Сабақ басталмас бұрын ұйымдастырушылар болашақ педагогтердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін диагностика жүргізген. Оның нәтижесі бойынша бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істеуге жеткілікті білімі бар студенттер іріктелді. Жобаға қатысу ерікті түрде жүзеге асады. Ұйымдастырушылар болашақ тәлімгерлер үшін балалармен жұмыс істеуге деген ынта мен жауапкершіліктің маңызы зор екенін атап өтті.


«Біз жобаға көп студентті қатыстыруды мақсат еткен жоқпыз. Ең бастысы – өзін мұғалім ретінде сынап көргісі келетін және балаларға уақыт бөлуге дайын студенттерді анықтау болды. Диагностикадан кейін студенттердің білім деңгейін бағалап, өз бетінше сабақ өткізе алатындарын таңдадық. Нәтижесінде сегіз ерікті іріктеліп, олар қазір алғашқы педагогикалық тәжірибесін жинақтап жатыр», – деп түсіндірді жоба жетекшісі.


Төртінші курс студенттері әзірге жобаға тартылмайды. Себебі олар қосымша біліктілік алуға дайындалып жатыр. Ал екінші курс студенттерінің қатысуы олардың кәсіби дамуына ұзақ мерзімді мүмкіндік ретінде қарастырылған.


Жобаның алғашқы кезеңінде төртінші сынып оқушыларына басымдық берілді. Мектепте осы параллель бойынша төрт сынып бар. Қазір олардың арасынан 15 бала іріктеліп алынған. Қатысушыларды таңдауда мектеп әкімшілігі отбасылардың әлеуметтік жағдайын ескерген. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға назар аударылған.


Сабақтар аптасына екі рет, сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін, бесінші сабақтан кейін өтеді. Мектеп оқу үшін интерактивті тақтамен жабдықталған жеке кабинет бөлген.


Роза Бердешеваның айтуынша, алғашқы сабақтарда грамматиканы түсіндіріп, сөздік қорды кеңейтумен қатар, балалар өздерін еркін сезінетін орта қалыптастыру маңызды. Оқушылар сұрақ қоюдан және қателесуден қорықпауы керек.


«Біз төртінші сынып оқушыларынан бастадық. Өйткені бұл жастағы балалар ағылшын тілі туралы белгілі бір түсінік қалыптастырып үлгереді және білімін біртіндеп тереңдете алады. Мектеп әкімшілігі қосымша оқыту кімдерге көбірек пайдалы болатынын анықтауға көмектесті. Қазір балалардың сабаққа қалай қатысатынын, қандай тапсырмаларға қызығушылық танытатынын және нені қосымша түсіндіру қажет екенін бақылап отырмыз. Осы бақылаулардың негізінде сабақтарды жетілдіріп, тиімді оқыту әдістерін таңдаймыз», – деді оқытушы.


Сабақтарға төртінші сынып оқушыларының ағылшын тілін меңгеру деңгейіне сәйкес келетін оқу материалдары әзірленген. Сонымен қатар ұйымдастырушылар бағдарламаға ағылшын тіліндегі кітап оқуды енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, аптасына бір рет шамамен 30 минутты Reading Club – оқу клубына арнау көзделген. Бұл уақытта оқушылар шағын әңгімелер оқып, олардың мазмұнын талдайды және ағылшын тіліндегі мәтінді түсіну дағдыларын дамытады.


Жобаның тағы бір бағыты – цифрлық құралдарды пайдалану. Сабақ барысында студенттер оқуды қызықты әрі қолжетімді ету үшін интерактивті білім беру ресурстары мен жасанды интеллект негізіндегі заманауи платформаларды қолданады.


Бұдан бөлек, үй тапсырмаларын орындауға арналған арнайы онлайн-платформа әзірленіп жатыр. Оның көмегімен оқушылар өткен материалды қайталап, демалыс күндерін қоса алғанда, үйде де ағылшын тілін үйрене алады.


«Біз оқыту балалардың студенттермен бірге мектепте өткізетін бір сағатымен ғана шектелгенін қаламаймыз. Үй тапсырмасы жаңа сөздерді бекітуге, өткен тақырыптарды қайталауға және өз бетінше жүйелі түрде оқуға дағдылануға көмектеседі. Қазір платформамен жұмыс істеп жатырмыз. Оны оқу үдерісіне қараша айының бірінші немесе екінші аптасында енгізуді жоспарлап отырмыз. Кейін балаларға ресурсты пайдалану қаншалықты ыңғайлы екенін бағалап, қандай мүмкіндіктер қосу керектігін анықтаймыз», – деді Роза Бердешева.


English Mentor School Project оқушыларға білім беру қолдауын көрсетумен ғана шектелмейді. Бастаманың маңызды міндеттерінің бірі – болашақ мұғалімдерді білім беру ұйымдарындағы дербес жұмысқа дайындау. Қаңтар айынан бастап студенттер өз мамандықтары бойынша мектептерде педагогикалық практикадан өтеді. Жобаға қатысу оларға балалармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен алдын ала танысуға, оқу материалын түсіндіруге және оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.


Кәсіби өсуін бағалау үшін студенттер ай сайын арнайы рефлексиялық парақтарды толтырады. Онда олар алған дағдыларын, кездескен қиындықтарын және балалармен жұмыс барысында есте қалған сәттерін талдайды.


«Болашақ педагог үшін өз пәнін жақсы білу жеткіліксіз. Ол әр баланың тілін таба білуі, күрделі дүниені қарапайым тілмен түсіндіруі және оқуға деген қызығушылығын қолдауы керек. Біз студенттердің оқушылардың жеке ерекшеліктерін байқауды және тәлімгердің жауапкершілігін түсінуді үйренгенін қалаймыз. Рефлексиялық парақтар өз әрекеттерін талдауға, мықты тұстарын анықтауға және әлі де жетілдіруді қажет ететін дағдыларын түсінуге көмектеседі. Мұндай тәжірибе алдағы педагогикалық практикаға дайындықтың маңызды бөлігі болады», – деп атап өтті жоба жетекшісі.


Колледж бен мектеп арасындағы ынтымақтастық меморандум және тиісті келісім арқылы бекітілген. Жоба үш жылға жоспарланған. Сондықтан ұйымдастырушылар қазіргі кезеңді жүйелі жұмыстың бастауы ретінде қарастырады.


Алдағы уақытта жобаға екінші курстан үшінші және төртінші курсқа өтетін студенттерді тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ төменгі курс студенттерін де қатыстыру мүмкіндігі қарастырылуда.


Оқушылардың қосымша сабақтарға қызығушылығы жоғары болғандықтан, ұйымдастырушылар екінші жартыжылдықтан бастап тағы екі оқу тобын ашып, жобаға қатысушылар санын арттыруды көздеп отыр.

37
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!