Ғалымдар Каспий теңізінің тартылуына қатысты пікір білдірді

Ақтауда «жасыл сутегі», тұрақты энергетика және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарына арналған «Aktau Dialogue – Green Hydrogen 2025» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиынға Қазақстан, Германия және басқа елдердің жетекші ғалымдары, инженерлері мен саясаткерлері қатысып, заманауи технологиялар мен ғылыми жетістіктерді, сондай-ақ Каспий теңізі мәселесін талқылады.
Конференцияны Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институты (KINI), Қазақстан-Неміс университеті (DKU) және Yessenov University ұйымдастырды. Жобаға Германия Сыртқы істер министрлігі мен AKTANTEN in AKTAU бастамасы қолдау көрсеткен.
Конференция барысында Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына қатысты өз пікірін білдірген ҚазКТИКМ (Каспий теңізін зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты) басқарма төрағасы Серік Ахметов бұл құбылыстың табиғи үдеріс екенін атады.
«Каспий теңізі дүниежүзілік мұхитпен тікелей байланысқа ие емес. Сондықтан оның деңгейі су балансына - яғни, қанша су келіп, қаншасы буланып жатқанына - тікелей байланысты. Бұл әрдайым болып тұратын құбылыс. Алайда соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі айтарлықтай ұзаққа созылды. 1995 жылдан бері су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Ақтаудағы гидробекет деректеріне сәйкес, Каспий теңізі қазіргі таңда минус 29,5 деңгейіне жеткен. Бұл - өте төмен көрсеткіш», – деді ол.
Серік Ахметовтің айтуынша, теңіз деңгейіне антропогендік (яғни, адам әрекетінің) әсері бұрыннан зерттеліп келе жатқанымен, соңғы кездері климаттық фактор басымдық алып отыр.
«Қазір нақты бір факторды бөліп айту қиын. Себебі климат та әсер етуде, адамның шаруашылық қызметі де рөл ойнап жатыр. Бұл мәселе бірнеше ғылыми конференцияда, соның ішінде Тегеран конвенциясы аясында қарастырылған. 2026 жылы осы тақырыпқа арналған ірі халықаралық ғылыми конференция өтеді деп жоспарлануда», - деді ғалым.
Ғалымдардың пікірінше, теңіз түбінде жүріп жатқан тектоникалық және сейсмикалық үдерістерді де назардан тыс қалдыруға болмайды.
«90-жылдардың басынан бері теңіз түбіндегі тектоникалық белсенділік артып жатқаны айтылады. Кейбір болжамдарда Арал теңізінің суы Каспийге ағып жатыр деген пікірлер де болды. Бірақ ғылыми тұрғыда ең басты фактор – бұл су балансының өзгерісі. Каспий теңізі деңгейінің графигі мен оған келіп түсетін судың мөлшерін салыстырсақ, олар параллель қозғалады», - деді Серік Ахметов.


