Тең мен қатар синоним сөздер ме?
Жаңа Ата заңдағы тілге қатысты 9-баптың нақтылануы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Атап айтқанда, бұрынғы редакциядағы «орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес «қазақ тілімен қатар қолданылады» деп өзгертілді. Енді бұл екі сөз синоним бе, әлде құқықтық мазмұны бөлек ұғымдар ма деген көптің көкейінде жүрген сұраққа айналды.
Конституциялық мәтінде қолданылатын әрбір сөз кездейсоқ таңдалмайды. Заң тілінде терминдердің дәлдігі құқық қолдану практикасына тікелей әсер етеді.
«Тең» сөзі қазақ тілінде әдетте құқықтық немесе әлеуметтік теңдікті білдіреді. Яғни: мәртебесі бірдей, құқықтық мүмкіндігі бірдей, дискриминациясыз қолдану. Құқықтық мәтінде «тең» қолданылса, ол нақты құқықтық кепілдікті, статус теңдігін білдіреді. Ал «қатар» сөзі көбіне бір мезгілде, бір кеңістікте немесе бірге қолдануды білдіреді. Оның құқықтық салмағы «тең» сөзіндей қатаң емес. Яғни, бірге қолданылуы мүмкін, бірақ мәртебесі міндетті түрде бірдей дегенді білдірмейді.
Сондықтан заң мәтінінде «қатар» қолданылса, ол функционалдық қатар қолдануды білдіруі мүмкін, бірақ толық құқықтық теңдік мағынасын автоматты түрде бермейді.
Лингвистикалық тұрғыдан «тең» мен «қатар» кей жағдайда жақын мағыналы болып көрінгенімен, толық синоним деуге болмайды. Бұл айырмашылық тіл саясаты туралы қоғамдық пікірге әсер етеді. Сарапшылар заң мәтінін түсіндіруде лингвистикалық дәлдік пен құқықтық логиканы қатар қарастыру қажет екенін атап өтеді.
Осы екі сөздің төңірегінде өрбіген түрлі пікірге: "Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір! Ең бастысы, осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет. Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!" — деп жауап берді мәжіліс депутаты Ринат Зайыт.
Ал тағы бір депутат Аманжол Әлтаев «қатар» мен «тең» ұғымдарының мазмұны бөлек екенін атап өтті. Ол мысал ретінде қатар тұрған тұлғалардың мәртебесі әрқашан бірдей болмайтынын айтып, жаңа редакция құқықтық мағынаны нақтылай түсетінін жеткізді: “"Қатар" мен "тең" — мағынасы ұқсас көрінгенімен, мазмұны мүлде бөлек ұғымдар. Қажеттілігіне қарай "қатар" қолдану — "тең" қолдану емес. Қатар тұрғанның мәртебесі әрдайым бірдей бола бермейді. Ханның қасында би де тұрады, сарбаз да тұрады. Бірақ олардың орны мен құзыреті тең емес қой. Дәл сол сияқты, Ата заңдағы алмастырылған екі сөздің де өзіне тиесілі еншісі бар екенін естен шығармайық", — деп жазды ол.
Демек, «тең» және «қатар» сөздері қазақ тілінде мағыналас элементтері болғанымен, Конституция және құқықтық дискурс тұрғысынан толық синоним емес. «Тең» — құқықтық теңдікті білдіретін нақты термин, ал «қатар» — бірге қолданылу немесе қатар жүру мағынасындағы салыстырмалы ұғым. Осы айырмашылықты дұрыс түсіну тіл саясаты жөніндегі ғылыми, құқықтық және қоғамдық талқылаулардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, жаңа Конституция бойынша референдум алдағы 15 наурызда өтеді. Бұл маңызды науқанда елімізде тұратын әр азаматтың дауысы маңызды.
Нұр Ғалым