ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері ақтаулық сарбаздың сырқатына қатысты жауап берді
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі ақтаулық сарбаз Әли Нұрғалиевтен 2025 жылдың қазан айында мерзімді төменгі аяқ-қолдардың ісінуі мен бұлшықет әлсіздігінің белгілері тіркелгенін мәлімдеді. Ведомства сарбаздың алғаш аудандық ауруханада ем қабылдағанымен, нәтиже қысқа мерзімді болғанын айтып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің мәліметінше, денсаулығы нашарлаған сарбаз 3 қарашада бөлімнің медициналық қызметі сүйемелдеуімен Ақтаудағы облыстық ауруханаға жатқызылған. Кешенді тексеру нәтижесінде үдемелі аутоиммундық ауру анықталған. Кейін ол ҚР Қорғаныс министрлігінің авиациялық көлігімен мамандандырылған ем алу үшін Бас әскери клиникалық госпиталіне жеткізілген.
Диагноз расталды. Шығарылар кездегі жағдайы – қанағаттанарлық. Тұрғылықты жері бойынша базистік терапияны жалғастыру жөнінде ұсынымдар берілді. Орталық әскери-дәрігерлік комиссия аурудың әскери қызмет өткеру кезеңімен байланысты екені туралы қорытынды шығарды. Қазіргі уақытта науқас Ақтау қаласындағы SofieMedGroup алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымына тіркелген. Сонымен қатар, әскери бөлім командованиесі дәрі-дәрмектерді сатып алуға ерікті түрде көмек көрсетіп келеді, - делінген ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске салсақ, ақтаулық Әли Нұрғалиев 2024 жылдың қарашасында Ақтөбе облысындағы Жем әскери қалашығында, әуе қорғанысы күштері сапына қабылданған. Төрт айдан соң денсаулығы нашарлай бастаған. Анасының айтуынша, сарбаз үйіне келгеннен бетте тынысы тарылып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы оған бұлшық еттердің қабынып, әлсіреуіне әкелетін ауыр диагноз қойған.