Маңғыстау облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалициясы құрылды
Өңірлік коалиция құрамына саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, депутаттар, этномәдени бірлестіктер мен қоғам белсенділері кірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облыстық коалициясының төрағасы Нұрбек Қарасаев коалиция төрағасының орынбасарлары болып Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев пен облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов бекітілгенін атап өтті.
-Ортақ істе күш біріктірсек, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Біз көздеген мақсат – Әділетті Қазақстанды құру, ұрпағымызға дамыған, өркениетті ел қалдыру. Осы биік мақсатты халыққа жеткізу үшін сіздерді бір толқында үйлесімді жұмыс атқаруға шақырамын, - деді Нұрбек Қарасаев.
Сонымен қатар, Нұрбек Қарасаев облыста қалалық және аудандық коалициялар құрылып, Конституциялық реформа бойынша үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылатынын жеткізді.
Жиында Конституциялық комиссия мүшелері Жаңбырбай Матаев пен Бекмұрат Жүсіпов сөз сөйледі. Олар комиссияның атқарған жұмысы туралы ақпарат беріп, өңірлік коалиция қызметінің басты бағыты – халыққа шынайы ақпарат ұсыну, ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру және жаңа өзгерістердің мәнін түсіндіру екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Ауыл» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Озғамбаев, «Қазақстан Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Рашид Төлеуғалиев және саяси ғылымдарының докторы Киікбай Жаулин Конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, тарихи шешімді жүзеге асыру үшін үгіт-насихат жұмыстарына белсенді түрде атсалысатындарын жеткізді.