Мұнайлы аудандық ауруханасы заманауи құрылғылармен жабдықталған
2025 жылы қолданысқа берілген Мұнайлы аудандық орталық ауруханасыны науқастарға сапалы қызмет көрсетіп келеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Былтыр Мұнайлы тұрғындары үшін салынған аудандық аурухана заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ауруханада таза оттегімен тыныс алуға мүмкіндік беретін барокамера, буын ауруларын емдейтін арнайы құрылғылар, компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Алдағы уақытта магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты да орнатылып, мамандар білімін толықтырады. Жаңа аурухана іске қосылғалы Мұнайлы аудан тұрғындары ем алу үшін облыс орталығына шапқыламайды.
«Аурухана былтыр маусым айында ашылды. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам тұрғын қабылдауға келді. 600-ден астам ана босанды, 500-ден астам ота жасалды. Ғимаратта 7 операциялық зал бар. Дәрігерлер Қазақстанның әр түкпірінен келген. Олар шұғыл отамен қатар, жоспарлы отаны да жасайды. Медициналық мекемемізге республика бюджетінен МРТ аппараты әкелінеді. Бұл мамандар мен тұрғындар үшін маңызды құрылғы», -деді Мұнайлы аудандық ауруханасының директоры Жанар Досжанова.
Медициналық мекемеде науқастар заманауи медициналық аппараттардың көмегімен ем қабылдап жатыр. Жаңа құрал-жабдықтардың енгізілуі емдеу сапасын арттырып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға оң әсерін тигізуде.
«Осындай үлкен әрі жарық ауруханамыз барына қуанамыз. Халық үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Осында ем алып жатырмын, медбикелер жақсы қарайды. Диагнозымды тез анықтап, қажетті ем-дом жүргізіп жатыр», - деп алғысын айтты ем алушы Таңжарбай Қамысбаев.
«Аурухананың барлық бөлімімен танысып шықтым. Науқастардың ой-пікірін де тыңдадым. Олардың көңілінен шыққанына қуаныштымын. Өңірде биыл медицина ұйымдарына 96 млрд. теңге қарастырылды, оның 6 млрд-ы Мұнайлы ауданына бөлініп отыр. Мекемелер халықтың денсаулығы үшін және ем іздеп келген науқас әр жерге бармай бір жерден емделуі үшін сапалы қызмет көрсетуге тиіс», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Маңғыстау облысы филиалының директоры Абылайхан Рахымов.