Ақтауда жаңа жедел жәрдем станциясы ашылды
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жаңа нысан медициналық көмектің сапасын арттыруға және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Облыс әкімі бұл ғимарат республика бойынша Астанадан кейін Маңғыстауға беріліп отырғанын атап өтті.
"Бүгін су жаңа жедел жәрдем станциясы ғимаратының ашылу салтанатын өткізіп отырмыз. Бұл барлығымыз үшін қуанышты жаңалық. Денсаулық сақтау министрлігіне халықтың атынан мың алғыс білдіремін. Әрине, шұғыл көмек сұрап хабарласатын науқастардың қоңырауы аз болсын деп тілеймін. Бұл жерге ем іздеп келген әрбір науқас дертінен айығып, қуанып шықсын. Осы тұста халыққа қызмет көрсетіп жүрген медицина қызметкерлеріне зор алғыс айтамын. Станция жедел жәрдем автокөліктерімен толықтай жабдықталды. Бұл арнайы демеушілердің қолдауымен алынды. Өткен жылы осындай 32 көлікті жергілікті бюджет қаражатынан алған едік",-деді Нұрдәулет Қилыбай.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков маңғыстаулықтарды ғимараттың ашылуымен құттықтады.
"Президентіміз 2022 жылы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мәселесін көтерген болатын. 2024 жылдан бастап прокуратура органдары 1 триллион теңгеден бастап қаражатты мемлекет пайдасына қайтарды. Аталған қаражаттар мектеп, балабақша, аурухана, спорт, мәдени және басқа да әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалып келеді. Республика бойынша 434 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы басталып, оның 311-і өз мәресіне жетті. Қайтарылған қаражаттың есебінен киелі Маңғыстауда екі үлкен әлеуметтік нысан іске асырылуда. Соның бірі, өздеріңіз куә болып отырған жедел жәрдем станциясы. Нысан - мыңдаған адамға қызмет көрсететін орталық. Бірлескен жұмыстың арқасында бұл жоба қысқа мерзімде, әрі жоғары сапада жүзеге асты. Ақ халатты абзал жандарға ерекше алғыс білдіремін",-деді Ғабит Садырбеков.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өз сөзінде, жаңа нысанның халық денсаулығы үшін маңыздылығын атап өтті.
"Құрметті Маңғыстау тұрғындары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері бүгін сіздер үшін мереке. Ақ түйенің қарны жарылған күн деп айтуға болады. Жаңа ғимарат сіздерге ұзақ жылдар бойы қызмет етсін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған арнайы мемлекеттік қордың қаражатынан біздің денсаулық сақтау жүйесіне нысандар берілуде. Еліміз бойынша осындай 128 объект салдық. Соның бірі Маңғыстау еліне берілді. Біз медицина саласының қызметкеріміз. Қызметімізді адал атқарайық, ешкім бізге ауырып келмесін",- деді Тимур Мұратов.
Шара соңында облыс әкімі білім басқармасына жоғары сынып оқушыларының мектеп бағдарламасына алғашқы жедел жәрдем көрсету сабағын енгізуді тапсырды.