Бибісара Асаубаева табысты шахматшылардың қатарына енді
Маңғыстаулық Бибісара Асаубаева әлемдегі ең табысты 10 шахматшының қатарына қосылды, деп жазады otpannews.kz.
Forbes.ru шығарған рейтингте ол үздік ондықта жетінші орынға тұрақтаған. Сонымен бірге, 21 жастағы жерлесіміз 2025 жылы 110 мың доллар табысқа қол жеткізді.
Қазақстан атынан сынға түсетін гроссмейстер Бибісара Асаубаева блиц шахматынан әлем чемпионатында топ жарған еді. Сонымен бірге, «Үлкен Швейцария» турнирінде үшінші орынға қол жеткізді. Бұдан бөлек, ол фристайл-турға қатысқан алғашқы әйел шахматшы ретінде тарихқа енді.
Аталған рейтингтің көш басында Қытай өкілі Цзюй Вэньцзюнь тұр. Оның жылдық сыйақысы шамамен 382 мың долларға жеткен. Ал үздік ондықты үндістандық Дивья Дешмукх 87 мың доллар көрсеткішімен түйіндеп отыр.