Биыл арнайы экономикалық аймаққа «Ерсай»компаниясының аумағы мен Мұнайлыдағы өнеркәсіптік алаң қосылмақ
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағын кеңейту жұмыстары биыл да жалғасады.
Премьер-министрдің Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақ құрамына «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС-нің аумағы мен Мұнайлы ауданындағы өнеркәсіптік алаң енгізілмек. Нәтижесінде АЭА аумағы қосымша 569 гектардан астам жермен кеңейеді.
Осыған байланысты “ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі” арнайы экономикалық аймақтың шекарасын кеңейту туралы тиісті шешім қабылдау бағытында қаулы жобасын әзірледі. Құжат қазіргі уақытта келісу сатысында.
Бұл шешім өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Аумақтың кеңеюі кеме жасау және кеме жөндеу салаларын дамытуға, транзиттік және экспорттық жүк тасымалын ұлғайтуға, порт қызметтерінің ауқымы мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, заманауи өндірістік және көліктік технологиялар енгізіледі. Нәтижесінде Маңғыстау облысында инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділік күшейіп, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық тартымдылығы арта түседі.