Otpan News Logo

Жаңа Конституциядағы жаңа вице-президенттің қандай өкілеттіктері бар?

|
07.02.2026 14:50
Жаңа Конституциядағы жаңа вице-президенттің қандай өкілеттіктері бар?

Гүлім Берді


Қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының тиімді үйлесімін қамтамасыз ету және саяси тұрақтылықты күшейту мәселелері көптеген елдерде өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі жаңа Конституцияда Вице-президент лауазымының енгізілуі — мемлекеттік басқару архитектурасын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылады. Бұл институттың пайда болуы билік сабақтастығын нығайтып, атқарушы биліктің жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында: “Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді, парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді, еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады, Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды. Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болады,-деп атап өтті. 


Вице-президент - әдетте мемлекет басшысының тікелей серіктесі әрі белгілі бір саяси және әкімшілік міндеттерді атқаратын жоғары лауазымды тұлға. Мұндай қызмет әлемнің бірқатар елдерінде саяси тұрақтылықты сақтаудың, басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз етудің тиімді тетігі ретінде қалыптасқан.


Белгілі саясаттанушы Руслан Ақмағанбетов “qazaquni.kz” сайтына берген сұхбатында:


-Вице-президент иституты әлемдік практикада бар нәрсе. Оның классикалық нұсқасы - АҚШ дейміз. Ондағы ерекшелік, Вице-президент Президентпен бірге жалпы сайлауға түседі. Өз алдына дербестігі сақталған. Бауырлас Әзірбайжан мемлекетінде де бұл тәжірибе бар. Бірақ олардағы жүйе АҚШ-қа ұқсамайды. Президенттің тағайындауы арқылы жүреді. Әлемдегі Вице-президент иституты төтенше мәселелерді алдын алу ретінде құрылған. АҚШ тарихынан алсақ кейбір оқыс оқиғаларда Вице-президент ізбасар ретінде қалып отырғанын білеміз. Ал енді Қазақстан жағдайында Вице-президент дәл АҚШ еліндегідей ізбасар институтына қарағанда ішкі мәселелермен көбірек айналысатын өзіндік ерекшелігі бар институтқа айналатын сияқты,-деп өз ойымен бөлісті. 


Қазақстанда Вице-президент лауазымы бұған дейін де болған. 1991 жылы Президенттен кейінгі пәрменді лауазымды Ерік Асанбаев атқарған. Кейін 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда Вице-президент лауазымы қысқарып қалған. Осылайша Асанбаев Қазақстанның алғашқы әрі осы уақытқа дейінгі соңғы вице-президенті болды.


Қазіргі Конституциядағы 48-бапқа сәйкес, егер Президент мерзімінен бұрын қызметінен босатылса, оның қалған мерзімге өкілеттіктері Сенат төрағасына өтеді. Егер Сенат төрағасы өзіне бұл өкілеттіктерді қабылдай алмаса, олар билік вертикалімен әрі қарай Мәжіліс төрағасына және Премьер-Министрге берілетін еді. Жаңа конституция жобасында енді Президенттің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылса, басқару тетіктерін бірінші кезекте Вице-Президентке беруді бекіту ұсынылып отыр. Егер Вице-Президент бұл өкілеттіктерді ала алмаса, олар Құрылтай төрағасына берілуі тиіс. Ал егер Құрылтай төрағасы да қабылдай алмаса, өкілеттіктер Премьер-министрге беріледі. Бұл туралы конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев атап айтты. 


Сонымен қатар ол отырыста Ата заңға мынадай негізгі қағидаларды енгізуді ұсынды:

– Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен (жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен) Президент тағайындайды. Бұл тәсіл ҚР Премьер-Министрін тағайындау рәсіміне сәйкес келеді;

– Вице-президентті қызметінен Президент босататын болады;

Сонымен бірге, Конституцияда Вице-президенттің өкілеттіктеріне қатысты мынадай негізгі қағидаларды көрсету ұсынылды:

-Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;

– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.

– Сонымен бірге, Вице-президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

– Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.

– Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.


Ал Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев “Вице-президент қандай міндеттерді атқарады?” деген сауалға нақты жауап берді. 


Оның айтуынша, Вице-президент депутат болуға, өзге ақылы қызметтер атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партияларға мүше болуға құқылы емес.  Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік институттармен өзара іс-қимыл жасайды. Сондай-ақ азаматтық қоғам және ғылыми-сараптамалық орта өкілдерімен диалогты дамытуға жауапты болады. Президенттік өкілеттіктерді қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, бұл өкілеттіктер Құрылтай төрағасына, ал ол да мүмкін болмаса Премьер-Министрге беріледі.

15
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!