Otpan News Logo

Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданындағы вокзалдың құрылысымен танысты

|
13.02.2026 18:57
Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданындағы вокзалдың құрылысымен танысты

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданына жұмыс сапарымен барып, теміржол вокзалына жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, сапарда өңір басшысына «Маңғыстау» вокзалының реконструкциялау жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Жобаны тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.


Жаңа вокзал заманауи талаптарға сай салынып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 8 899 шаршы метрді құрайды. Вокзал тәулігіне кемінде 2 500 жолаушыға қызмет көрсетеді.


Сонымен қатар заманауи үлгідегі нысан жолаушылардың қозғалысын жеңілдететін инженерлік жүйелермен жабдықталады. Атап айтқанда, жүк көтергіштігі 600 және 1000 келі болатын 6 жолаушы лифті, 2 эскалатор және 5 жылжымалы жол (траволатор) орнатылады.


Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасын салу, қабырғалар мен жабын конструкцияларын монтаждау жұмыстары 63 пайызға, ал сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары 50 пайызға орындалды. Құрылыс алаңында 57 адам және 9 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.


Аймақ басшысы вокзалдың заманауи әрі ыңғайлы болуы тұрғындар мен қонақтар үшін аса маңызды екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.


Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 125 теміржол вокзалы жаңғыртылады. Бұл жоба аясында Маңғыстау облысында «Маңғыстау», «Бейнеу» және «Шетпе» вокзалдары қайта жөнделіп жатыр.

65
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!