Otpan News Logo

Референдумды дайындау және өткізу кезеңі: не істеуге болады және неге тыйым салынады

|
13.02.2026 16:13
Референдумды дайындау және өткізу кезеңі: не істеуге болады және неге тыйым салынады

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік ведомствода өткен брифингте 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум бойынша үгіт-насихат жүргізудің ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды otpannews.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

 

Ләззат Сүйіндік «Референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірін жиналыстарда, митингілерде және азаматтар жиындарында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында білдіруге кепілдік берілетінін атап өтті.


Үгіт-насихат төменде көрсетілген бағытта жүзеге асырылады:


- бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;

- митингілер, жиналыстар және азаматтар жиындары арқылы. Бұл ретте олар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға сәйкес өткізіледі;

- баспа үгіт материалдарын тарату арқылы.


Үгіт жүргізу барысында мынадай тыйымдар белгіленген:


- анонимді үгіт материалдарын таратуға жол берілмейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде шығарылған ұйымдар туралы, тапсырыс берушілер туралы мәліметтері көрсетілмеген үгіт материалдарын дайындағаны немесе таратқаны, сондай-ақ үгіт материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде дайындағаны және анонимді материалдарды таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер үшін 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған;

- конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, сословиелік және рулық артықшылықты насихаттауға, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылық культіне бағытталған үгітке жол берілмейді;

- референдум қарсаңындағы күні және референдум өтетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған – айыппұл мөлшері 15-тен 35 АЕК-ке дейін.


Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге заңнамаға сәйкес тіркелген және мұндай сауалнамаларды өткізуде кемінде 5 жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар құқылы. Олар бұл жұмысты Орталық референдум комиссиясын алдын ала хабардар ете отырып жүргізе алады.


Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов референдумға шығарылған мәселелер бойынша БАҚ-та және онлайн-платформаларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге олардың мәнін объективті түрде, бейтарап форматта түсіндіру шартымен жол берілетінін қосты.


«Мұндай қызметте үгіт белгілері болмауы тиіс, яғни референдум мәселесіне қатысты оң немесе теріс көзқарас қалыптастыру, қандай да бір ұстанымды білдіру, “жақтап” немесе “қарсы” дауыс беруге шақыру, сондай-ақ референдумға шығарылған мәселенің артықшылықтары немесе кемшіліктеріне басымдық беретін бағалау пікірлері болмауы қажет», – деп түсіндірді ол.


Сондай-ақ оның айтуынша, үгіт уәкілетті мемлекеттік органда есепке қою рәсімінен өткен барлық бұқаралық ақпарат құралдарында «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес жүргізіле алады. Үгіт онлайн-платформалар арқылы да жүргізілуі мүмкін.


«Ешқандай шектеулер жоқ. Ерекшелік ретінде қаржылық қызметтер мен электрондық коммерция ұсынуға арналған онлайн-платформалар көрсетілген. Телерадио хабарларын тарату субъектілеріне жаңалықтар және талдамалық бағдарламаларда кез келген үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Бұл үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген», – деп түйіндеді Мәдениет және ақпарат вице-министрі.


79
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!