Мұнайлыда 86,8 шақырым жол жөнделіп жатыр
OTPANNEWS.KZ – Мұнайлы ауданындағы үш ауылда жалпы ұзындығы 86,8 шақырым болатын жол жобалары жүзеге асырылып жатыр.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылтөбе, Басқұдық және Атамекен ауылдарында 13 жоба қолға алынған. Оның төртеуі аяқталса, алтауында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар ауданішілік қоғамдық көлік қатынасын жақсарту үшін биыл 14 жаңа автобус сатып алынған. Жыл соңына дейін №13А «Маңғыстау – Қызылтөбе – Дәулет» бағытына қатынайтын тағы екі автобусты жаңарту жоспарланып отыр.
Аудандағы маңызды көлік жобаларының бірі – «Маңғыстау» теміржол вокзалын қайта жаңғырту. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, вокзал пайдалануға берілді. Бұрынғы 764 шаршы метрлік ғимараттың орнына жалпы аумағы 9 мың шаршы метрге жуықтайтын үш қабатты кешен салынды.
Кездесуде тұрғындар ауылішілік жол салу мәселелерін де көтерілді. Облыс әкімі тиісті мекемелерге тұрғындардың өтініштерін қарауды тапсырды.