Мұнайлыда металл ұнтақтарын өндіретін зауыт салынады
OTPANNEWS.KZ – Мұнайлы ауданында биыл бес ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Алдағы уақытта металл ұнтақтарын өндіретін зауыт пен авиациялық және автомобиль отынын сақтауға арналған база салу жоспарланып отыр.
Бұл туралы аудан әкімі Қанат Құлжанов облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың тұрғындармен кездесуінде мәлімдеді.
Ауданда кәсіпкерлікті дамытуға да қолдау көрсетіліп келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 26 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 40-қа жуық жұмыс орны ашылған. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 609 тұрғын кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілген. Бұдан бөлек, 30 азаматқа жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант берілген.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар ауданның тазалық және абаттандыру жұмыстарына жауапты «Таза Мұнайлы» кәсіпорнының материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Кәсіпорынға 13 жаңа арнайы техника сатып алынған.