Су – стратегиялық ресурс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміз үшін су орнықты даму, экологиялық қауіпсіздік жəне өңірдегі тұрақтылықпен тікелей байланысты стратегиялық ресурс саналатынын атап өтті. Сондай-ақ ел Президенті су шығынын азайту, суды тұтынуды бақылауды күшейту, тарифтік реформаны аяқтау жəне ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін құру міндеттерін белгіледі.
- Елімізде су ресурстарының тапшылығын жою үшін жүйелі əрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, суды тиімді жəне үнемдеп пайдалану қағидаттарының жаппай сақталуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда бұл ресурстың мəн-маңызы айрықша. Үкімет пен əкімдіктер суды пайдалануға бақылауды күшейту керек. Түрлі желідегі, сондай-ақ көлік жуу орындарындағы су шығынын азайтып, ауызсудың жөнсіз пайдаланылуына жол бермеу қажет. Ауыз-суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар. Менің тапсырмаммен Үкімет су пайдалану саласында ауқымды тарифтік реформаны қолға алды. Оны соңына дейін жеткізу керек. Суды үнемдеп пайдалану бəріне ортақ міндетті қағида болуға тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұған дейін де Президент су ресурстарын ұтымды пайдалану, су мəселесіне қатысты сын-қатерлер бойынша халықаралық үйлестіру тетігін кеңейту жəне орнықты шешімдерді ілгерілету бойынша бірқатар бастамаларға жетекшілік етіп келеді. Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, еліміз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық беретінін бірнеше мəрте атап өтті. Мемлекет басшысы халық санының артуы, климаттың өзгеруі, суды тұтыну көрсеткішінің артуы секілді көптеген факторларды ескере келе, су үнемдеу технологияларын енгізу, су қоймаларын жаңғырту жəне халықаралық су ынтымақтастығын дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызды бағыттың бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы судың нақты құны бойынша бағалануы тиіс екенін, ал оған ұқыпты қарау шаруашылықтың міндетті қағидаты болуы қажеттігін атап өткеніне де назар аударылды. Бұл табиғатты ұтымды пайдалануға, экожүйелерді, өзендер мен көлдерді сақтауға, яғни экологиялық ведомствоның жауапкершілік саласына тікелей қатысты деп ойлаймын. Бүгінде Мемлекет басшысы-ның Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында айқындалған тапсырмаларын орындау аясында су саласын жүйелі түрде трансформациялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда су ресурстарын қорғау жəне пайдалануды реттеу саласында басты міндеттер айқындалды. Атап айтқанда салаға қатысты заңнаманы жетілдіру жəне мемлекеттік бақылау, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық қаржыландыруды тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, су үнемдеу мəдениетін қалыптастыру, сондай-ақ тарифтік саясатты жетілдіру мен су ресурстарын басқаруды цифрландыру кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы керектігін жеткізді. Елде су ресурстарын толық əрі нақты есепке алу үшін цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану маңызды екенін еске салды. «Бұл жаңа өндіріс орындарын жоспарлау кезінде негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Президент.
Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі – су ресурстарының тапшылығына жəне олардың тиісінше сапалы болмауына байланысты нақты жəне ықтимал қатерлерден, сондай-ақ судың зиянды əсерінен ҚР халқы мен ұлттық экономикасының қорғалуының жай-күйінен көрінеді, сондай-ақ су объектілерін сақтау жəне қалпына келтіру, жерүсті жəне жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану жəне т.б. есебінен қамтамасыз етіледі.
Осыған орай инспекцияның негізгі міндеттеріне су қорын пайдалануды реттеу мен қорғауды, су нысандарында барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің ҚР су заңнамасын сақтауына, талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жəне тағы басқаларды жүзеге асыру жатады.
Инспекция мамандарымен өңірдегі барлық су пайдаланушы мекемелерде қайталама жəне айналымды сумен қамтамасыз етуді жүйеге қоюды, су пайдаланушылардың рұқсат қағаздарын рəсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ш.Есенов университеті жəне оқу орындарында ұйымдастырылған кездесулерде суды үнемдеу қажеттілігі мен бағыттары айтылды. Суды заңды пайдалану, оған жауапкершілікпен қарау жəне су ресурстарын сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бүгін суды қорғау – келер ұрпақтың болашағына қамқорлық жасау деп түсінген жөн.
Динара ЕҢСЕГЕН,
Су ресурстарын қорғау
жəне пайдалануды реттеу
жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік
су инспекциясының
Маңғыстау облысы бойынша бөлім басшысы