Otpan News Logo

Маңғыстаудағы 166 жоба «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдауға ие болды

|
11.11.2026 15:56
Маңғыстаудағы 166 жоба «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдауға ие болды

OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Оған өңірлік телеарна, газет пен сайт тілшілері қатысты. Журналистер мемлекеттік қолдау арқылы жұмысын дамытып жатқан үш кәсіпорынның қызметімен танысты.


Баспасөз турының алғашқы нысаны Ақтаудағы «ZHAMAL-AI LTD» ЖШС болды. Кәсіпорын табиғи былғарыдан аяқ киім және түрлі сала мамандарына арналған арнайы киім өндіреді. Мұнда отандық «Sharkey» брендімен өнімдер шығарылады.


Бұдан кейін журналистер Bauyr Arena мұз кешеніне барды. Заманауи спорт нысаны мұз спорт түрлерін дамытуға бағытталған.


Кәсіпорын жобаны жүзеге асыру үшін 450 млн теңге көлемінде кредиттік қаржыландыру тартқан. «Даму» қорының «Кепілдік қоры 1» және «Өрлеу» бағдарламалары аясында қолдау алған. Қазір кешенде 44 адам жұмыс істейді.


Турдың соңғы нысаны Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылындағы «ULZHAN» зияткерлік мектебі болды. Жеке білім беру мекемесі 220 оқушыға арналған. Жалпы ауданы 700 шаршы метр болатын мектепте 1–4 сынып оқушылары білім алады. Сонымен қатар балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламалары қарастырылған.


Мектепте 39 қызметкер еңбек етеді. Жобаны іске асыру барысында 33 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын мемлекеттік қолдауды несие сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі арқылы алған.


«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Маңғыстау облысында қаржылық қолдаудың үш құралы бойынша жалпы сомасы 24,8 млрд теңгені құрайтын 166 жобаға қолдау көрсетілген.


«Қор кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру, несиеге кепілдік беру және сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бағыттары бойынша көмек көрсетеді. Ұлттық даму институты ретінде «Даму» қоры Қазақстанның барлық өңірлерінде шағын және орта бизнестің сапалы дамуына ықпал етеді. Бұл экономикаға үлкен үлес қосады. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасын да дамытып келеді»,- деді «Даму» қорының Маңғыстау облысындағы филиал директоры Әлімхан Тілеужанов. 


Баспасөз турында журналистер өндіріс, спорт және білім беру салаларындағы жобалардың жұмысымен танысып, мемлекеттік қолдау тетіктерінің кәсіпорындардың дамуына қалай әсер ететінін білді.

15
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!