Мемлекет және қоғам қайраткері Рахымбек Әміржанов өмірден өтті
Еліміздің және Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңірген азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Рахымбек Әміржанов өмірден өтті.
Рахымбек Маршалұлы 1964 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Ол Новосибирск мемлекеттік университетін физика мамандығы бойынша, сондай-ақ Жапониядағы Хоккайдо университетін тәмамдаған.
Рахымбек Маршалұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және ауқымды жобалардың жүзеге асуына сүбелі үлес қосты. Рахымбек Әміржанов әр жылдары мемлекеттік басқару және жеке құрылымдарда жауапты лауазымдарды атқарды.
2013 жылы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұл қызметте индустриялық-инновациялық даму, инвестиция тарту және экономиканың нақты секторын дамыту бағыттарына жетекшілік етті. Мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесі Рахымбек Маршалұлына өңірлік деңгейдегі басқару үдерістерін жан-жақты меңгеруге мүмкіндік берді.
Рахымбек Маршалұлы Ақтау теңіз сауда портында, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында, NCOC компаниясында және бірқатар жеке кәсіпорында түрлі қызметтер атқарған.
Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан, азаматтық ұстанымымен асқақ абыройға бөленген Рахымбек Маршалұлының қазасына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақын-жуықтарына, әріптестері мен барша Маңғыстау жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз.
Маңғыстау облысы әкімдігі
Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесі
Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесі.