Otpan News Logo

Ақтаулық кәсіпкер ірімшіктің бес түрін әзірлейді

|
11.11.2026 10:09
Ақтаулық кәсіпкер ірімшіктің бес түрін әзірлейді

OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда кәсіпкер Фарида Мырзабекқызы ірімшіктің бес түрін өндіріп, жергілікті нарыққа ұсынып жүр. Ол өнім сапасын арттыру үшін тек ірімшік дайындау технологиясына ғана емес, оның негізгі шикізаты саналатын сүттің сапасына да ерекше мән береді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Кәсіпкердің айтуынша, өндірісті бастаған кезде Ақтаудан сапалы әрі табиғи таза сүт табу оңай болмаған.


- Ірімшік өндірісін дамыту үшін алдымен Қарағанды қаласынан арнайы маман шақыртып, қызметкерлерімізге ірімшік дайындаудың қыр-сырын үйреттік. Сонымен қатар сүт жеткізетін фермермен жұмыс байланысын орнатып, малдың күтімі мен азықтандырылуына да көңіл бөлдік. Себебі сапалы өнім алу үшін ең алдымен сүттің сапасы маңызды. Бірнеше кезеңнен тұратын ізденіс пен еңбектің нәтижесінде бүгінде өндіріс орнымызда буратта, страчателла, моцарелла, халуми және сулугуни ірімшіктерін дайындаймыз, - деді Фариза Мырзабекқызы.


Кәсіпкер өнімдерін жеке тұтынушыларға ұсынып қана қоймай, Ақтаудағы дәмханалармен де жұмыс істеп, оларға ірімшіктің бірнеше түрін жеткізеді.


Ірімшікпен қатар, мұнда айран мен йогурт та өндіріледі. Әсіресе, айранның дәмі тұтынушылардың көңілінен шыққан. Олар дайын өнімнің дәмін қолдан ұйытылған қою айранға ұқсатады.


Фарида Мырзабекқызы дайын өнімді қайта сатудан гөрі, өз өнімін өндіруге басымдық береді. Оның мақсаты – жергілікті өндірісті дамыту және тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!