Ақтауда 25 метрлік бассейннің құрылысы аяқталуға жақын
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 11 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында салынып жатқан 25 метрлік бассейннің құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 90%-ы аяқталған. Негізгі құрылымдар толық тұрғызылып, бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік желілерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны биыл жыл соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа спорт нысаны тәулігіне 200 адамды қабылдауға қауқарлы болады. Кешенде келушілерге арналған екі бассейн қарастырылған. Оның бірі - ұзындығы 25 метрлік спорттық бассейн болса, екіншісі балалардың қауіпсіздігі мен жас ерекшеліктерін ескере отырып жабдықталатын арнайы бассейн.
Сонымен қатар нысанда ерлер мен әйелдерге арналған жеке душ, киім ауыстыру бөлмелері мен санитарлық тораптар қарастырылған. Кешен құрамында ерлер мен әйелдерге арналған бөлек монша бөлімдері де болады.
Нысанның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында автономды жылыту қазандығы орнатылады. Бұл жүйе ғимаратты тұрақты жылумен және ыстық сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына, нысанның белгіленген мерзімде аяқталуына және инженерлік жүйелердің талапқа сай жабдықталуына назар аударды. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға қалған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау жөнінде тапсырмалар берді.