Ақтауда жылына 120 мың жұп аяқ киім мен 30 мың арнайы киім өндіретін кәсіпорын бар
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында «ZHAMAL-AI LTD» серіктестігі табиғи былғарыдан аяқ киім және арнайы киімдер өндіреді. Өндіріс саласы мамандарының, аспаздар мен қарулы күштер қызметкерлерінің киімін тігетін бұл кәсіпорын 34 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Кәсіпорын өнімдері «Sharkey» брендімен шығарылады. Мұнда 150 адам еңбек етеді. Фабриканың 5 696,2 шаршы метрді құрайтын жеке өндірістік базасы бар. Ол аяқ киім өндіруге және киім тігуге қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Өндіріс орнында жазғы және қысқы арнайы киімдер, медициналық қызметкерлер мен аспаздарға арналған форма, мектеп формасы, спорттық киімдер тігіледі. Сонымен қатар табиғи былғарыдан аяқ киім шығарылады. Біздің өнімдерді негізінен мұнай-газ, құрылыс және көлік салаларындағы кәсіпорындар, сондай-ақ күштік құрылымдар пайдаланады»,- дейді «ZHAMAL-AI LTD» ЖШС директоры Зибира Хасанова.
«ZHAMAL-AI LTD» кәсіпорны 2021–2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қолдауға ие болған. Жоба «Басымдық» бағыты бойынша іске асырылған. Кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен өндірістік әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін кеңейтіп келеді.
Айта кетейік, «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қолдау арқылы өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етіп келеді.