Мұнайлы ауданында әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді
OTPANNEWS.KZ – Мұнайлы ауданында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік қолдау көрсету және инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Бұл туралы аудан әкімі Қанат Құлжанов өңір басшысымен кездесуде баяндады.
11 қарашада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиында ауданның биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар таныстырылды.
Қазір ауданда 18 медициналық нысан жұмыс істейді. Биыл медициналық ұйымдардағы төсек-орын саны 150-ден 215-ке дейін ұлғайған. Сонымен қатар травматологиялық пункт пен паллиативтік көмек бөлімі ашылып, МРТ және ФГДС аппараттары іске қосылған.
Әлеуметтік салада жыл басынан бері 22 мың тұрғынға көмек көрсетілген. Ал мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін 14 автокөлікпен инватакси қызметі ұйымдастырылған.
Аудан тұрғындары кездесуде жолдардың сапасы, ауыз су, білім беру, медицина және әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алып, оларды шешу бойынша жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.