Ақтауда балалар хоккей мен мәнерлеп сырғанауды тегін үйрене алады
OTPANNEWS.KZ – Ақтау қаласында орналасқан Bauyr Arena мұз кешені «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асқан инвестициялық жобалардың бірі. Заманауи спорт нысаны өңірде хоккей, мәнерлеп сырғанау және басқа да қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
«Мұз кешенінің құрылысын «Бауыржан ЛТД» ЖШС жүргізді. Жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асатын екі қабатты кешен халықаралық олимпиадалық стандарттарға сәйкес жасалды. Спорт кешенінде кең мұз аренасы, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған кабинеттер және әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар екінші қабатта мұз айдынына панорамалық көрінісі бар кафе орналасқан»,- деді «Бауыржан ЛТД» ЖШС-ның бас директоры Ұлықпан Көбесов.
Бүгінде кәсіпорында 44 адам еңбек етеді. Жобаны жүзеге асыру барысында 15 жаңа жұмыс орны ашылған.
«Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпорын 450 млн теңге көлемінде кредиттік қаржыландыру тартқан. Жоба «Даму» қорының «Кепілдік қоры 1» және «Өрлеу» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижесінде кешеннің құрылысын іске асыруға және өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туды»,- деді «Даму» қорының Маңғыстау облысындағы филиал директоры Әлімхан Тілеужанов.
Қазір Bauyr Arena базасында балалар мен жасөспірімдерге арналған хоккей және мәнерлеп сырғанау үйірмелері тегін жұмыс істейді. Хоккейге 5–10 жас аралығындағы балалар, ал мәнерлеп сырғанауға 4–7 жас аралығындағы бүлдіршіндер қабылданады.
Спорт кешеніндегі үйірмелерде 200-ге жуық бала жаттығады. Сабақтар аптасына бес күн өткізіледі. Ал сенбі, жексенбі күндері тұрғындар спорт кешеніне келіп, конькимен сырғанай алады. Конькиді жалға алып сырғанау құны сағатына – 3000 теңге, өз конькиімен келіп сырғанайтындарға – 2000 теңге.