Темір мен нәзіктік: «Ақтау аруы» өндірістің қаржысын қалай бағындырып жүр?
Ауыр техниканың гүрілі, құбырлардың соғылған дыбысы және зауыттың тоқтаусыз ырғағы. Маңғыстаудың аптап ыстығы мен суық желіне қарамастан, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы Qarmet зауытында тіршілік қызып жатыр. Осы бір қатал өндіріс ошағында 200 ер-азаматпен иық тіресе жұмыс істеп, кәсіпорынның әл-ауқатын бақылайтын жан бар. «Ақтау аруы-2022» тәжін тағып, бүгінде зауыттың білікті қаржыгері міндетін атқаратын ару – Жанна. Нәзіктік мен темірдей тәртіп бірбойда тоғысқан Жаннамен otpannews.kz тілшісі сұхбаттасып көрді.
Жанна 2000 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген. Ол өмірлік ұстанымының арқасында еңбекке ерте араласып, өнер мен жеке дамуын қатар ұстап келеді. Көп замандасы алтын уақытын тек қыдыруға жұмсағанда, ол университет қабырғасында-ақ шетелдерге іс-сапармен шыққан. 2021 жылы диплом алғасын бірдег қаржы саласында қызмет көрсетіп, бүгінде өндірістік алпауыттың біріне жұмысқа орналасты.
“Мен Нархоз университетінде оқыдым. Бірінші курстан бастап жұмыс істедім. Еңбектен қашқан емеспін. Ата-анам бала күннен өнерге баулыды. Мен би билеп, есейе келе подиумға шықтым. Сән әлемі – ішкі менімді ашып, сенімділік сыйлайды. Менің ойымша, мен ешқашан өнерден, сән әлемінен ұзамаймын”,- дейді Жанна.
Бүгінде ол құбыр зауытындағы күрделі аудиттік есептерді жасап, цифрлардың тілін тауып отыр. Көпшілік «қаржыгердің жұмысы кабинетте ғана» деп ойлауы мүмкін, бірақ зауыт тынысын сезінбей, қаржылық ырғақты реттеу мүмкін емес.
“Бізде жұмыс таңертең 9-да басталады. Менің басты міндеттерімк аудиттік есептер, тоқсандық, жарты жылдық, жылдық есептер жасау кіреді. Сондай-ақ тапсырыс берушілерге құбырлардың бағасын, санын есептеп баға ұсынамын. Мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды есептеп, оларға тапсырыс беремін. Лизингтік қызмет, есеп-қисап та менің мойнымда”,- деп қосты Мисс Ақтау-2022 атанған Жанна Кубышева.
Зауыт пен подиум арасына жол салған Жанна 5 күндік жұмысынан бөлек демалыста да тыныш отырмайды. Жаннаның өмірі тек есепке байланбаған, ол демалыс күндері сүйікті ісі – шығармашылықпен айналысады. Бала күнінен биге жақындығы оны сахнаға жетеледі. Би арқылы дене сымбаты мен ішкі еркіндігін қалыптастырған ару бүгінде түрлі жарнамалық роликтердің бет-бейнесі және кәсіби модель.
2022 жылы «Мисс Ақтау» атағын жеңіп алуы оның тек сыртқы сұлулығының емес, ішкі интеллектуалдық дайындығының да көрінісі. Мұндай жан-жақтылықтың сыры Жаннаның отбасында жатыр. Оның әкесі мен анасы – педагогтар. Алайда олар тек мұғалім емес, өнерді жанына серік еткен жандар. Жаннаның бойындағы ақындық өнер әкесінен дарыса, кез келген істі дөңгелетіп әкететін ұйымдастырушылық қабілет анасынан дарыған. Жанна өзін екі салада да көреді – қаржыны да, өнерді де бөліп жармайды. Ол үшін дәлдік пен сұлулық – бір ұғым.
Қазіргі қоғамда «сұлу әйел тек сән үшін» деген стереотипті Жанна өз ісімен жоққа шығарып жүрген ару. Ол – заманауи қазақ қызының бейнесі десек артық емес. Өйткені Жанна білімді, еңбекқор, өнерлі және өз өлкесінің өндірісіне үлес қосып жүрген нағыз маман. Көркімен де, кәсіби білімімен де үлгі болып жүрген арудың биігі бұдан да асқақтай түсетініне сенім мол.