Otpan News Logo

Маңғыстау мен Гродно облыстары ынтымақтастықты нығайтады

Маңғыстау мен Гродно облыстары ынтымақтастықты нығайтады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Беларусьтің Гродно облысы делегациясымен кездесті. Кездесу қорытындысында өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды otpannews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Тараптар Маңғыстау мен Гродно облыстары арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі ахуалы мен болашағын талқылады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі, ағаш өңдеу өнеркәсібі, туризм мен гуманитарлық саладағы әріптестікті кеңейту мәселелеріне басымдық берілді.


Кездесу барысында 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары – Жол картасы бекітілді. Құжат мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, инвестиция тартуға, бизнес-форумдар мен B2B кездесулер ұйымдастыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет және туризм бағыттарындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.


Өңір басшысы Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуетіне, теңіз порттарының мүмкіндіктеріне, өңдеу өнеркәсібі мен туризм саласындағы даму қарқынына тоқталып, аталған бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.


Маңғыстау облысы көлік-логистика, туризм, агроөнеркәсіп кешені және өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді дамып келеді. Беларусь тарапымен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Өз кезегінде Юрий Караев екі өңір арасындағы байланыстарды нығайтуға дайын екенін атап өтіп, сауда-экономикалық және гуманитарлық бағыттағы бірлескен бастамаларды қолдайтынын жеткізді.


Айта кетейік, 2025 жылы Маңғыстау облысы мен Беларусь Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 17,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда өңірде Беларусь капиталының қатысуымен 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!