«Солтүстік-Шығыс Қаратұрын» кен орнында апат салдарын жою шаралары басталды
3 наурыз күні кешкі уақытта «Солтүстік-Шығыс Қаратұрын» кен орнында ұңғыма бұрғылау кезінде газ бен су атқылаған. Абырой болғанда, өрт шықпаған және зардап шеккендер жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биіктігі 15-20 метрге дейін жететін су атқылауы байқалған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқиға орнына құтқарушылар жедел жеткен. Қазір апаттың алдын алу және жағдайды тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда:
• 60 текше метр арнайы ауыр ерітінді дайындалған;
• ұңғыманы тоқтату үшін қажетті құбырлар тартылған;
• артық қысымды сыртқа шығаратын желілер қосылған;
• ықтимал өртке қарсы су қоры әзірленген;
• арнайы техника жұмысқа дайын күйде орналастырылған;
• техникалық себеппен ұңғыманы басқаратын құрылғының басқару тетігі ауыстырылып, қазір тексеріліп жатыр.
Мамандар жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.