Otpan News Logo

«Тегін стилист» қызметінің артында алаяқтар тұруы мүмкін: Бас прокуратура ескерту жасады

|
14.11.2026 16:21
«Тегін стилист» қызметінің артында алаяқтар тұруы мүмкін: Бас прокуратура ескерту жасады

OTPANNEWS.KZ – Қазақстандықтарға сырт келбетін өзгертуге көмектесетін тегін жасанды интеллект сервистерінің атын жамылған жаңа алаяқтық схема туралы ескерту жасалды.


Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мәліметінше, алаяқтар шаш үлгісін таңдау, макияж жасау, шаш қию нұсқаларын ұсыну және фотосурет арқылы жеке образ қалыптастыру қызметтерін ұсынатын жалған ЖИ-сервистерді пайдаланып жүр.


Алаяқтар әлеуметтік желілер мен интернетте осындай қызметтерді жарнамалап, пайдаланушыларға арнайы сілтеме арқылы қосымша жүктеп алуды ұсынады. Алайда оның орнына смартфонға зиянды бағдарлама орнатылуы мүмкін. Бұл бағдарлама оларға құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.


Нәтижесінде қылмыскерлер смартфондағы жеке ақпаратты қарап, құпия деректерге қол жеткізе алады. Сондай-ақ банктік қосымшалар мен қаржылық сервистерді пайдаланып, азаматтардың ақшасын жымқыру қаупі бар.


Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, қосымшаларды тек Google Play мен App Store секілді ресми дүкендерден жүктеп, белгісіз сілтемелерге өтпеу қажет. Сонымен қатар бағдарламаны орнатпас бұрын оның әзірлеушісін, пайдаланушылардың пікірлерін және сұрайтын рұқсаттарын тексерген жөн.


Мамандар белгісіз қосымшаларға банктік сервистерге, хабарламалар мен хабарландыруларға қол жеткізуге рұқсат бермеуді ескертеді. Сондай-ақ күмәнді сервистерге банк картасының деректерін, құпиясөздер мен растау кодтарын енгізуге болмайды.


Құзырлы орган азаматтарға тегін қызмет ұсынатын әрбір қосымшаға сене бермеуге және смартфонға бағдарлама орнатпас бұрын оның қауіпсіздігіне көз жеткізуге кеңес береді.

13
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!