Маңғыстауда ерекше балаларға арналған «LEGO әлеміндегі достық» жобасы өтті
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған «LEGO әлеміндегі достық» жобасы ұйымдастырылды.
«Рухтан» қоғамдық қорының бастамасымен өткен шараға 20 бала қатысып, 35 жастан асқан 10 күміс волонтер қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында балалар LEGO бөлшектерінен түрлі бұйымдар құрастырып, бірлесіп ойын ойнады. Сондай-ақ өз идеяларын ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Жобаның негізгі мақсаты – ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың өзара қарым-қатынас орнатуына ықпал ету және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.
Сонымен қатар «Рухтан» қоры Маңғыстау туризм колледжінің қолдауымен балалар үйінің 12 тәрбиеленушісіне «Менің алғашқы бургерім» атты тегін аспаздық шеберлік сабағын ұйымдастырды. Кездесу барысында балалар колледж аспаздарының көмегімен бургер мен пицца дайындауды үйреніп, тағам әзірлеу тәжірибесінен өтті.
«Рухтан» қоғамдық қорының директоры Гүлнұр Кушанованың айтуынша, мұндай бастамалардың негізгі мақсаты – балаларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну және волонтерлік қозғалысты дамыту.
«Әр баланың өзін еркін сезініп, қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беру біз үшін маңызды. Сонымен қатар өңірдегі күміс волонтерлерді қатарымызға қосып, осындай игі бастамаларға көптеп тартуды көздейміз», – дейді Гүлнұр Кушанова.